
Қарағанды облысының ауыл мектептерінде оқитын оқушылар жаратылыстану-математикалық бағыттағы республикалық олимпиадада екі алтын және бес қола медаль иеленді. Зияткерлік сайыстың финалына еліміздің ауылдық өңірлерінен 475 оқушы қатысса, оның 200-і жеңімпаз және жүлдегер атанды.

Олимпиада 13 пән бойынша өтті және төрт кезеңнен тұрды. Мектепішілік кезеңге 125 мың бала қатысып, финалдық кезеңге шамамен мың оқушы жолдама алды. Оның ішінде 475-і — жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша. Жеңімпаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бес ректорлық гранты табысталды, оның екеуін Қарағанды техникалық университеті ұсынды. Сонымен қатар математика, физика және информатика пәндері бойынша І дәрежелі диплом иегерлеріне Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің гранттары берілді.

Финалға қатысқан барлық оқушы республикалық сырттай «Дарын» мектебіне қабылданады. Ал жеңімпаздар 2026 жылдың наурызында өтетін республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Физика пәні бойынша алтын медальді Шет ауданынан Ислам Құрманбай жеңіп алды, ал географиядан Нұра ауданынан Кирилл Ерофеев топ жарды. Ислам Құрманбай Республикалық физика-математика мектебіне қабылданды.

— Ислам — еңбекқор, білімге құштар оқушы. Өткен жылы ол қола медаль алған болатын, биыл мақсатымыз — алтын болды. Әріптесім Жекебай Аманжолмен бірге теорияға, практикаға және эксперименттік тапсырмаларға ерекше көңіл бөліп дайындалдық. Жүйелі еңбек өз нәтижесін берді, — деді физика пәнінің мұғалімі әрі жеңімпаздың тәлімгері Гүлмира Шыныбекова.
— Олимпиада ауыл оқушылары үшін жақсы мүмкіндік береді. Мұғалімдердің және «Сарыарқа дарыны» орталығының қолдауының арқасында тапсырмалар қолжетімді болды. Енді мен Алматыдағы РФМШ-да білім алу мүмкіндігіне ие болдым, — деді Ислам Құрманбай.

География пәнінен алтын алған Кирилл Ерофеев олимпиадаға қатысу оның басты мотивациясына айналғанын айтты.
— Бұл сайыс — өз біліміңді тексеріп, мықтылармен бәсекеге түсуге берілетін бірегей мүмкіндік. Жеңіс мені одан әрі биік мақсаттарға ұмтылуға шабыттандырады, — деді Кирилл Ерофеев.
География пәнінің мұғалімі Жанар Серекбаева Кирилдің жетістігі ұзақ дайындық пен алдыңғы жылдар тапсырмаларын терең талдаудың нәтижесі екенін атап өтті.
— Ең бастысы — өз еңбегімен келген білім. Мұғалімнің міндеті — бағыт-бағдар беру, қателерді талдауға көмектесу. Бұрынғы жылдардың тапсырмаларын қарастыру — ең тиімді әдістердің бірі, — деді Жанар Серекбаева.
Қола медаль иегерлері: Нұржігіт Рысхан, Расул Құрманов, Ернұр Шалдыбаев, Ерасыл Игілік және Мәдимен Нұрмағанбетов.
Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиада 9–14 желтоқсан аралығында Астанада өтеді. Қарағанды облысының намысын 24 оқушы қорғайды.
Фото: олимпиада ұйымдастырушыларынан