
Қарағандыдағы «Террикон алқабы» IT-hub жылды қорытындылайтын соңғы хакатон өткізеді. Іс-шараға жаңадан бастап жүрген және тәжірибелі әзірлеушілер, IT мамандықтарының студенттері, тестілеушілер мен веб-дизайнерлер қатыса алады. Бұл – командалар үшін өз жобаларын ұсынып, ақшалай жүлде жеңіп алу мүмкіндігі.
PromTechHackathon 5–7 желтоқсан күндері өтеді. Қатысушыларға екі бағыт бойынша тапсырма ұсынылады:
– өнеркәсіптік диагностикаға арналған мониторинг жүйесі мен деректер базасын құру;
– су ресурстары мен гидротехникалық құрылыстарды талдайтын жасанды интеллект платформасын әзірлеу.
Жүлде қоры – 1 млн теңге.
Формат: офлайн/онлайн.
Ұйымдастырушылар іс-шараның маңызын атап өтті:
«PromTechHackathon – сенің мүмкіндігің! Үш күн ішінде әр қатысушы өз стилін, жұмыс тәсілін және көзқарасын көрсете алады. Сенің прототипіңді шақырылған сарапшылар мен компаниялар бағалап, ондаған IT-мамандар арасынан шын мәнінде ерекшеленуге жол ашады», – делінген ұйымдастырушылардың хабарламасында.
Тіркелу мына сілтеме арқылы жүргізіледі: terricon.kz.
Хакатон Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының қолдауымен өтеді.
IT-hub «Террикон алқабы» мекенжайы: Алалыкин көшесі, 12.