
Қарағанды облысында мал қыстатуға арналған 952 қыстау бар. Олардың негізгі бөлігі Қарқаралы, Шет және Ақтоғай аудандарына тиесілі. Қыс маусымына дайындық толық аяқталған. Өңірлерде жағдайды тұрақты бақылау үшін арнайы мониторинг штабтары жұмыс істеуде.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте егін жинау науқанының қорытындылары шығарылып, қыстаулардың дайындығы туралы баяндалды.
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Әнуар Төлеубековтің айтуынша, биыл өңірде 1,1 млн тонна астық бастырылып, 303,7 мың тонна картоп, 38 мың тонна көкөніс және 65,3 мың тонна майлы дақылдар жиналды. Оның сөзінше, өнімді сақтауда қиындық жоқ: облыста жеті астық қабылдау кәсіпорны, 598 астық қоймасы және 138 көкөніс-картоп сақтау қоймасы жұмыс істейді.
Аграрлар келесі егіс маусымына да алдын ала қамдануда: тұқым сапасы тексеріліп, минералды тыңайтқыштарды сатып алуға келісімшарттар жасалып жатыр.
Мемлекеттік қолдау көлемі де елеулі. Өсімдік шаруашылығын субсидиялауға биыл 5,7 млрд теңге бөлінсе, «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары бойынша қаржыландыру 15,3 млрд теңгені құрады. Қосымша, ауыл шаруашылығы құрылымдары техника паркін де жаңғыртуда – бір жыл аралығында мыңнан астам бірлік техника сатып алынған.
Кеңесте мал басының жалпы саны да жария етілді: сиыр – 428 мың бас, қой-ешкі – 686 мың, жылқы – 380 мың, түйе – 1351 бас.
– Барлық қыстаулар ауыз сумен қамтамасыз етілген. Олардың 79,8%-ы электр энергиясына қосылған, қалғанында баламалы қуат көздері бар. Қыстауларда ұялы немесе стационарлық байланыс та толық қолжетімді, – деді Әнуар Төлеубеков.
Қажетті мал азығы қоры жеткілікті. Қар түсетін кезеңде жолдарды тазарту үшін арнайы техника алдын ала дайындалған.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қысқы кезеңнен өту және алдағы егіс науқанына тыңғылықты дайындалу жөнінде нақты тапсырмалар берді.