Теміртауда мектеп оқушыларына арналған 30 заманауи спорт алаңы ашылды

Теміртауда мектеп оқушыларына арналған 30 заманауи спорт алаңы ашылды

Теміртауда мектептердің аумағында заманауи спорт инфрақұрылымын құру бойынша ауқымды жоба толық аяқталды. Қаладағы 30 мектептің барлығы жаңа футбол алаңдарымен, баскетбол-волейбол аймақтарымен, воркаут алаңдарымен және хоккей корттарымен қамтылды. 

Сонымен қатар оқу кабинеттері жаңартылып, білім ошақтары биология, химия және физика пәндеріне арналған соңғы үлгідегі зертханалармен жабдықталды.

Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «QH. Теміртау қаласындағы білім беру ұйымдары оқушыларының физикалық дамуы» бастамасы аясында жүзеге асырылды. Атқарылған жұмыстардың жалпы құны 2,4 млрд теңгеден асқан. Жаңа спорттық және оқу инфрақұрылымы 24 мың оқушыға арналған. Ол тұрақты жаттығулар өткізуге, спорт секцияларын ұйымдастыруға және қалалық жарыстарды өткізуге қолайлы жағдай жасайды.

Мамандандырылған білім беру ұйымдарына да ерекше көңіл бөлінді. Спорт алаңдары №5 және №8 мектеп-интернаттарына орнатылды. 

Соның бірі Мәжіліс депутаттарының, қоғамдық қор өкілдерінің, белсенділер мен қала тұрғындарының қатысуымен салтанатты түрде ашылды.

— Бүгін біз құрылыс жұмыстарының нақты нәтижесін көріп отырмыз. Балалардың сапалы білім алуына қолайлы орта қалыптастыру — біздің басты міндетіміз. Ендігі маңызды шаруа — жасалған инфрақұрылымды сақтап, тиімді пайдалану, — деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

№8 мектеп-интернатында дене шынықтыру сабақтарына, бейімделген жаттығуларға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың тең қолжетімділігіне лайықталған кең, заманауи спорт алаңы ашылды. Мұнда қосымша спорт секцияларын іске қосу жоспарланып отыр.

— Осындай алаңның ашылғанына өте қуаныштымыз. Балалар сабақтан кейін бірден жаттыға алады, басқа жерге барудың қажеті жоқ. Өзім осы мектепті алты жыл бұрын аяқтадым, болған өзгерістерді көріп, қатты қуанып тұрмын, — дейді киокушинкай-кан карате жаттықтырушысы Нұрсұлтан Хожамуратов.

«Қазақстан халқына» қоры спорттық инфрақұрылымды ғана емес, оқу үдерісін де жаңғыртты. Қаладағы 28 мектепте физика, химия және биология пәндеріне арналған зертханалар толықтай жаңартылды. 

№17 мектептің оқушысы Әнел Ермаханованың айтуынша, жаңа жабдық сабақ процесін анағұрлым қызықты еткен.

— Жаңа микроскоптар арқылы заттарды өте ұсақ бөлшектеріне дейін көруге болады. Осыдан кейін биология менің ең сүйікті пәніме айналды, — дейді ол.

Химия сабақтарында да тәжірибе көлемі артты: оқушылар реакциялар жүргізіп, судың рН деңгейін анықтап, химиялық элементтерді зерттеуге мүмкіндік алып отыр.

— Бұрын тек дәптерге жазатынбыз, ол көпшілігіне қызық емес еді. Қазір барлық тәжірибені өзіміз жасап көреміз — бұл өте қызықты, — дейді №17 мектептің оқушысы Жігер Серікұлы.

Қарағанды облысындағы жеті қосымша білім беру ұйымы да жаңа техникалық жабдыққа ие болды. Олар инженерлік дағдыларды, робототехниканы және ғылыми-техникалық шығармашылықты дамытуға арналған STEM-техникамен толық жарақтандырылды. Өңір бойынша 35 үйірме жаңартылып, робототехника, бағдарламалау, 3D-модельдеу және киберспорт бағыттарын қамтитын 21 жаңа үйірме ашылды.

— Біз зертханаларды жаңартумен қатар, педагогтардың даярлығына да жіті көңіл бөліп отырмыз. Қазір мұғалімдер менторлық қолдау алуда. Оқушылар сарайында алты үйірме толық жаңғыртылып, тағы төртеуі ашылды, — деді «Қазақстан халқына» қоры басқармасының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева.

«QH. “Білім-Инновация” лицейлерінің тәжірибесін енгізу» жобасы аясында Қарағанды облысының 86 мектебінде жаратылыстану пәндерінің зертханалары жаңартылды. Педагогтар заманауи оқыту әдістемелерін меңгеріп, біліктіліктерін арттырды.