
Қарағандының №2 көпсалалы ауруханасында жүрекшелердің жыбырлауын абляциялау бойынша жүрекішілік ультрадыбыстық датчик қолдану бойынша шеберлік сабағы өтті. Бұған дейін мұндай оталар кезінде дәрігерлер рентген-навигацияны қолдануға мәжбүр болатын, соның салдарынан мамандар да, пациенттер де айтарлықтай сәулеленуге шалдығатын.

Жүрекшелер фибрилляциясы – жүрек ырғағының бұзылуына әкелетін кең таралған патология. Оны емдеу абляция – жүрекшенің ақаулы бөлігін күйдіру арқылы жүзеге асады. Ауруханаға алынған жаңа жабдық рентгенсіз-ақ ота жасауға мүмкіндік береді және жүрек қуысының ішінен тікелей алынған кескін арқылы аса жоғары дәлдікке қол жеткізуге жағдай жасайды.

Бұл жоғары технологиялық әдіс бойынша шеберлік сабақты Новосібірден арнайы келген, аритмияны катетерлік әдіспен емдеу және Zero-fluoro технологиясы бойынша сарапшы Илья Стенин өткізді.

— Инновацияның мәні — жүрек қуысына тікелей енгізілетін ультрадыбыстық датчиктің арқасында біз жүректі нақты уақыт режимінде көре аламыз. Датчик өте шағын — диаметрі шамамен 5 мм ғана — және жоғары дәлдіктегі визуализация береді. Мұндай отадан кейін науқастардың басым бөлігінде аритмия жойылып, олар қалыпты өмірге қайта орала алады, — деді №2 көпсалалы аурухананың аритмолог-хирургі Нұрлан Елемесов.

Заманауи ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жүргізіледі. Кезек күту мерзімі бір-екі айды құрайды. Мамандардың айтуынша, Қарағандыда халықтың 2–3%-ы жүрекшелер фибрилляциясынан туындаған аритмиямен ауырады, ал жаңа технология олардың көбіне жүрек саулығын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.