
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңір тұрғындарының түрлі мәселелерін тыңдауға арналған кезекті жеке қабылдауын өткізді. Азаматтардан түскен өтініштер әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды қамтитын кең ауқымды болды: тұрғын үй алу, медициналық қызмет сапасы, ветеринария саласындағы олқылықтар, елді мекендерді абаттандыру және көлік қатынасының жеткіліктілігі.

Қабылдауға Абай ауданына қарасты Құрма кентінің белсенді тұрғыны да келді. Ол бірнеше мәселе көтерді. Соның ішінде Сұрыптаудағы емхананың қызмет көрсету деңгейіне қатысты шағымын жеткізді. Өңір басшысы бұл мәселені дереу назарға алып, жауапты органдарға тапсырма берді.
– Бұл мәселені міндетті түрде шешеміз. Ертең денсаулық сақтау басқармасының басшысы барып, жағдайды жерінде анықтайды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Белсенді сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару, абаттандыру және көлік қатынасының қолжетімділігіне қатысты түйткілдерді де ортаға салды.

Қабылдау барысында бірқатар мәселелер сол жерде шешімін тапты. Ал қосымша уақыт пен зерделеуді қажет ететін өтініштер жауапты қызметтердің бақылауына алынды. Олар бойынша тиісті ведомстволармен бірлескен жұмыс жүргізілетін болады.

Айта кетейік, Қарағанды облысының әкімі тұрғындарды жеке қабылдауды жүйелі түрде, ай сайын ұйымдастырып келеді.