
Қарағандыда ұлы ақын, ойшыл һәм ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған облыстық шығармашылық байқау мәресіне жетті. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» атты сайысқа мектеп оқушылары, студенттер, жас суретшілер мен жас қаламгерлер қатысты. Абай әлемін терең түсінуге бағытталған бұл байқау өңір жастарының әдебиет пен өнерге қызығушылығының жоғары деңгейін көрсетті.

Байқауға екі мыңға жуық өтінім түсіп, олардың ішінен Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Саран, Абай қалалары мен Ақтоғай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров, Қарқаралы және Шет аудандарынан келген 57 қатысушы финалға жолдама алды. Сайыс төрт номинация бойынша өтті: Абай өлеңдерін көркем оқу – «Көркемсөз шебері», «Қара сөздерге» түсінік беру және талдау – «Даналық үні – қара сөз», ақын шығармашылығының бейнелеу өнеріндегі көрінісі – «Абай әлемі – сурет тілімен», сондай-ақ студент жастардың эсселері – «Ақыл, қайрат, жүрек – бүгінгі жасқа бағыт».

Финалистерді құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей:
«Абайды түсіну — қазақ халқының философиясын, рухани өзегін түсіну», — деп атап өтті.

Қатысушылардың жұмыстарын ғалымдар, филологтар және кәсіби суретшілерден құралған қазылар алқасы бағалады.

— Қатысушылардың дайындығы өте деңгейлі. Қарағанды — әдеби мектебі мықты қалыптасқан өңір, — деді қазылар алқасының мүшесі Базарбек Атығай.
«Абай әлемі – сурет тілімен» номинациясында Саран қаласындағы №1 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Лаура Талашова үздік атанды.
— Суретпен айналысып жүргеніме шамамен төрт жыл болды. Бұл байқауға Абайдың портреті мен оның өлеңдері негізінде пейзаж дайындадым. Ең қиыны — детальдерді дәл беру еді, бірақ ойымды толық жүзеге асыра алдым деп санаймын, — дейді Лаура.

Екінші орын — қарағандылық Наргиз Маубаеваға, үшінші орын — Молодёжный кентінің оқушысы Анастасия Семёноваға бұйырды.

Эссе бағытында ең үздік нәтиже Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің филология факультетінің 3-курс студенті Альфина Таубалдыға тиесілі болды. Екінші орынды — Б. Бейсенов атындағы Қарағанды ІІМ академиясының курсанты Рабиға Асанова, үшінші орынды — философия және психология факультетінің студенті Арина Сосновская иеленді.
Ең жоғары қызығушылық «Көркемсөз шебері» номинациясында байқалды — бұл бағытқа мыңнан астам өтінім келіп түсті.
Кіші жас санатында Ж. Тәшенов атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Алуа Анарбаева, ал жоғары санатта Шет ауданынан келген 10-сынып оқушысы Нұрасем Серік бірінші орынды жеңіп алды.
«Қара сөздерді» мәнерлеп оқу бойынша үшінші орын иегері, колледж студенті Абдулла Кошиков былай деді:
— Мұндай байқауға алғаш рет қатысып отырмын. Қазір Абайдың 25 қара сөзін жатқа білемін, финалда 18-қара сөзді оқыдым. Бұл туындылар білімге, ақылға, ар-намысқа ұмтылуға үйретеді. Абай шығармаларын жастарға, тіпті бастауыш сыныптан бастап кеңінен оқыту керек деп ойлаймын.

160-тан астам бейнелеу жұмысы, мыңнан аса көркем оқу өтінімі және ондаған эссе — жас ұрпақтың ұлы Абай мұрасына деген шынайы қызығушылығының айқын дәлелі.
Фото: Қайныш Бұхарбай