Қарағандыда спорттық акробатикадан Қазақстан чемпионаты басталды

Қарағандыда спорттық акробатикадан Қазақстан чемпионаты басталды

Қарағандыда А. Степаненко атындағы олимпиадалық резервтің мектеп-клубы базасында спорттық акробатикадан ҚР чемпионаты өтіп жатыр. 

Жарысқа алаң иелерінен бөлек, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ Екібастұз бен Алматы қалаларынан келген командалар қатысуда. 

Алдағы үш күнде спортшылар өз шеберліктерін көрсетіп, нәтижесінде үздік акробаттар анықталмақ.

– Бұл чемпионат – ел біріншілігінің қорытынды кезеңі. Мұнда 80-нен астам спортшы бақ сынап жатыр. Қатысушылардың деңгейі өте жоғары, олардың арасында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері де бар. Қарағанды облысы атынан шамамен 20 акробат қатысады. Олар түрлі дисциплиналар бойынша өнер көрсетеді. Біздің басты үміткерлеріміз – аралас жұптар. Аймақта спорттық акробатика қарқынды дамып келеді: қарағандылық гимнасттар әлемдік деңгейде жоғары нәтижелер көрсетуде, – дейді гимнастика бойынша БЖСМ директоры Олжас Тұрсымбеков.

Жақында Үндістанның Гоа қаласында өткен спорттық акробатикадан Азия чемпионатында қарағандылық спортшылар 10 медаль жеңіп алып, өздерінің жетекші орынға лайық екенін дәлелдеді.

Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдар және грамоталармен марапатталады.