«Құқықтық тәртіп әліппесі»: қарағандылықтар полиция қызметінің қыр-сырымен танысты

«Құқықтық тәртіп әліппесі»: қарағандылықтар полиция қызметінің қыр-сырымен танысты

Қарағанды облысында тұрғындарға полиция жұмысының шынайы процесін көрсетуге бағытталған «Құқықтық тәртіп әліппесі» жобасы бастау алды. Бір күн бойы қоғам белсенділері, журналистер, блогерлер, студенттер және мәслихат депутаттары түрлі қызметтердің мамандарымен бірге жүріп, өңір қауіпсіздігінің қалай қамтамасыз етілетінін көзбен көрді.

Жоба Ішкі істер министрлігі жариялаған Профилактика жылына және «Заң және тәртіп» идеологемасына сәйкес жүзеге асырылуда. Басты мақсат — полиция жұмысын ашық әрі қолжетімді етіп көрсету, сондай-ақ азаматтық қоғаммен өзара сенім мен серіктестікті нығайту.

Қатысушылар полиция қызметінің 11 бағытымен танысты: тергеу және криминалистика, ювеналдық полиция, көші-қон қызметі, Жедел басқару орталығы, жедел әрекет ету арнайы жасағы және басқа да бөлімшелер. 

Әр құрылымның ішкі жұмысы, оның құқық тәртібін қамтамасыз етудегі рөлі жан-жақты түсіндірілді.

Жобаның іске қосылуына Қарағанды облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Жасқайрат Қайыров жетекшілік етті. Ол «Заң және тәртіп» қағидаты — мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін баса айтты.

— Полицияның негізгі міндеті — әрбір азаматтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Біздің жұмысымыз тұрғындардың сеніміне сүйенеді, ал қоғаммен әріптестік — басым бағыттардың бірі, — деді Жасқайрат Қайыров.

Бағдарлама шеңберінде қатысушылар еңбек және жауынгерлік даңқ мұражайын, Оқу орталығындағы тергеу-криминалистикалық полигонды аралап, арнайы бөлімшелердің қару-жарағын, мобильді криминалистикалық зертхананы және кинологтар қызметін көрді. Кейін олар нақты бағыттар бойынша бөлініп, әр қызметтің ерекшеліктерін тереңірек зерттеді.

AMANAT партиясының әйелдер қанатын басқаратын облыстық мәслихат депутаты Зара Шалабаева және облыс әкімінің гендерлік теңдік жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Айжан Қиясова тергеу басқармасында болды. Оларға ауыр және аса ауыр қылмыстардың тергелу тәртібі көрсетілді.

— Тергеушілердің жұмысы — құқықтық тәртіп жүйесінің өзегі. Бұл — кәсіби біліктілік пен жоғары жауапкершілікті талап ететін күрделі еңбек. Цифрлық шешімдердің енгізілуі процестерді айқын әрі жылдам ете түсті — бұл реформалардың нақты нәтижесі, — деді Зара Шалабаева.

«Senim» рационалды психология орталығының жетекшісі Гүлмира Отыншина шараға қарапайым тұрғын ретінде қатысты.

— Бүгінгі күн ерекше әсер қалдырды. Көп жағдайда адамдар полицей формасын көріп, негативін соған бағыттайды, — дейді ол. — Ал бүгін мен олардың еңбегін көрдім. Әсіресе ЖӘАЖ қызметкерлерінің тыныштық пен қауіпсіздік үшін қалай жұмыс істейтінін байқап, оларға деген құрметім артты.

Цифрлық технологиялар және дизайн колледжінің студенті Матвей Гатальский күнін жедел әрекет ету арнайы жасағымен өткізді. Ол тіпті ЖӘАЖ қызметіне қызығушылығы оянғанын жасырмады.

— Біз биікте және су астында жұмыс істеуге арналған жабдықтарды, қылмыскерді ұстау әдістерін, қызметтік иттердің жұмысын көрдік. Арнайы киімдерін киіп, атыс ұйымдастырып, ұстау тактикасын пысықтадық. Алғаш рет шынайы қаруды қолыма алдым. Бұл ұмытылмас тәжірибе, — деді ол.

Жобаға қатысушылар мұндай іс-шаралар полиция мен қоғам арасындағы сенімді арттыратынын атап өтті.

— Бүгін Жедел басқару орталығында болдым. Біз сол жерде болған қысқа уақыт ішінде үш қылмыстық іс тіркелді. Жұмыстың көлемін енді айқын көріп отырмыз. Әлі де жетілдіру қажет тұстар бар, біз, депутаттар, қолдауға дайынбыз, — деді қалалық мәслихат депутаты Равиль Садықов.

Жоба Қарағанды облысының барлық қалалары мен аудандарында басталды.

Жоба жалғасады: алдағы уақытта облыстық прокуратура және Экономикалық тергеулер департаментімен осындай кездесулер ұйымдастыру жоспарланып отыр.