
Осакаров ауданының ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектері жергілікті тұрғындарды тағы да жаңа қойылыммен таңғалдырды. Олар «Бремен музыканттары» шығармасына өздерінің ерекше интерпретациясын ұсынды.

Қойылымға дайындықты олар Осакаров ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандарымен бірлесіп, ерте бастады: рөлдерді жаттап, костюмдер тігіп, декорациялар әзірледі.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде атап өткеніндей, театр – инклюзияны дамытудың ауқымды бағыты. Мұндай шығармашылық жұмыс қарым-қатынас дағдыларын дамытып, танымдық қабілеттерді – есте сақтау мен зейінді нығайтады.

— Театрлық образға ену — биік те нәзік өнер. Менталдық бұзылыстары бар адамдар үшін бұл — жаңа тәжірибе, сиқырға толы өзгеше әлем. Сондықтан да олар дацындыққа бар ынтасымен кірісті, — дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Төлеуова.

«Бремен музыканттары» — авторлық интерпретациядағы жарқын әрі достыққа шақыратын мюзикл. Бағдарламаны дайындауға үш ай уақыт кеткен. Осы аралықта қатысушылар рөлдерін жаттап, ондаған репетиция жасады. Дайындықты жай ғана міндетті процесс деп атау қиын — келіп, ойнап кету емес. Керісінше, олар шағын отбасылық басқосуларға ұқсайтын: барлық қатысушылар үшін жылы әрі жайлы өтті. Туыстары актерлерге сахна сыртында қолдау көрсетіп, репликаларын және би қимылдарын еске салды.
Ал инклюзивті театр сахнасына ерекше актерлер алғаш рет өткен жылы «Мама» көркем фильмі желісі бойынша қойылған «Қасқыр мен жеті лақ» спектаклімен шыққан еді.
Осакаров ауданы әкімдігінің ақпараты бойынша