
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Amanat» партиясының филиалында кезекті азаматтарды қабылдау өткізді. Мұндай кездесулер тоқсан сайын тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бұл жолы тұрғындар абаттандыру, медициналық көмек және қиын өмірлік жағдайда қолдау көрсету мәселелерімен жүгінді.

Қабылдауға Пришахтинсктің жергілікті қауымдастықтарының белсенділері, ПМК және Фин кентінің тұрғындары келді. Олар өңір басшысымен қаланың шет аймақтарын абаттандыру жайын талқылап, оң өзгерістер бар екенін атап өтті. Алайда жұмыс тоқтап қалмауы керек екенін айтып, жеке секторды жарықтандыруды, қасбеттерді жөндеуді, күл үйінділері маңындағы аумақты көгалдандыруды сұрады. Сонымен қатар газдандыру әлеуетіне қатысты сұрақ қойылды.

Фин кентінде №60 мектеп – қаланың ең ескі білім ошақтарының бірі, 1968 жылы салынған. Мектеп аумағында футбол алаңы жоқ. Қабылдауда осы мәселені шешу мүмкіндігі сөз болды.

– Мектептер бойынша ауқымды реновация бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Ол тек ғимараттарды емес, аумақты да жаңартуға және тәртіпке келтіруге мүмкіндік береді. Сіз көтеріп отырған мәселе орынды. Жасау қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы қала әкімінің орынбасары Қайрат Қамзинге жағдайды зерделеу және әрі қарайғы іс-қимылды пысықтау үшін жергілікті жерге баруды тапсырды.

Жалпы барлық мәселелер қолданыстағы заңнама аясында көмек көрсетудің мүмкін нұсқаларын қарастыру үшін қабылданды.