
Сыйлық сертификатын немесе «қайтарылмайтын» санатқа жататын тауарды кері өткізуге бола ма? Осы және өзге де тұтынушылық құқықтардың қыр-сырын Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тарқатты.

Департамент басшысы Абзал Рахымбаев 10 айлық жұмыстың негізгі қорытындыларын баяндады. Оның айтуынша, азаматтардың өтініштері көбіне тұрмыстық қызметтерге, байланыс саласына және электрондық саудаға қатысты. Даулардың басым бөлігінде тұтынушының күткен сапа мен нақты көрсетілген қызмет арасындағы алшақтық анық байқалады. Бұл әсіресе сыйлық сертификаттары бойынша жиі кездеседі.

– Сыйлық сертификаты — бұл да тауар. Ол сатылады, сатып алынады және өзге тауарлар сияқты қайтарылуы немесе айырбасталуы мүмкін. Қолданыстағы ереже бойынша, мұндай сертификаттың жарамдылық мерзімі үш жылды құрайды. Мерзімді қысқарту тек дүкен сертификатты бонус ретінде берген жағдайда ғана рұқсат етіледі, – деп түсіндірді департаменттің бас маманы Әсел Сахариева. – Сертификаттың бір бөлігі пайдаланылған күннің өзінде оны қайтаруға болады. Мысалы, азамат спорттық кешеннің қызметін пайдалана бастап, денсаулығына байланысты жалғастыра алмаса, пайдаланылмаған қаражатты толық көлемде қайтаруды талап етуге құқылы.
Мамандар қымбат тауарларды мәжбүрлеп алғызу және тұтынушыны несие рәсімдеуге итермелеу мәселесінің де өткір тұрғанын атап өтті. Мұндай жағдайға көбіне үлкен жастағы азаматтар тап болады: оларды әртүрлі акциялар мен сыйлықтар арқылы қызықтырып, кейін құнына сәйкес келмейтін тауар ұсынатын жағдайлар жиілеген. Сондықтан дер кезінде әрекет ету маңызды.
– «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 14-бабына сәйкес, тұтынушы 14 күнтізбелік күн ішінде сатып алу-сату шарты жасалған сатушыға жүгінуі тиіс. Алғашқы қадам – жазбаша сотқа дейінгі талап жіберу. Мұндай оқиғалардың көпшілігінде алаяқтық пен алдау белгілері бар, сондықтан уақытты созуға болмайды, – деп атап өтті Әсел Сахариева.
Брифинг барысында қайтаруға жататын және жатпайтын тауарларға қатысты талаптар да еске салынды. Қолданыстағы тізім бойынша, медициналық бұйымдар, дәрілік заттар, іш киімдер, шұлық-бұйымдары, метражбен сатылатын тауарлар, өсімдіктер, жануарлар және сапалы азық-түлік қайтарылмайтын санатқа жатады. Алайда кез келген тауарда ақау анықталған жағдайда оны қайтаруға немесе айырбастауға толық құқық бар. Қазір заң деңгейінде қайтарылуы мүмкін медициналық бұйымдар мен дәрілер тізімін нақтылау мәселесі қарастырылуда.
Сонымен қатар департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына бақылауды күшейтуде. Жыл басынан бері 155 сауда нысаны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 142-сі — сауда үстемесін негізсіз арттырғаны үшін. Ең көп құқықбұзушылық Қарағанды, Саран және Теміртау қалаларында тіркелді. Мониторинг жұмыстары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізіліп жатыр.