
Шет ауданына қарасты Кеншоқы ауылында «Салбұрын-2025» қыран құстармен аң аулау бойынша өңірлік біріншілік өтті. Жарысқа облыстың түрлі қала және аудандарынан келген 20 мықты бүркітші қатысты.

Сайыс төрт кезеңнен тұрды: құсты қолға қондыру, түлкінің муляжына шақыру, қоянға салу және ақтық сайыста арнайы үйретілген тазылар да қатыстырылды.

Аңшылар бүркіт, қаршыға және сұңқармен сынға түсті, алайда қатысушылардың көбі бүркітпен өнер көрсетті.

Осы санатта Доскей ауылынан келген Бұқар жырау ауданының тумасы Темірәлі Төлегенұлы жеңімпаз атанды. Ол қыран құстармен аң аулаумен он жылдан астам айналысып, осы уақыт ішінде бірнеше жыртқышты өзі өсіріп, баптаған. Биылғы жарыста ол Ақжелкен атты бүркітімен бақ сынады.
— Аңшылық — ата-бабамыздан қалған өнер. Мен бұл іспен он жылдан бері айналысып келемін, қазір шәкірттеріме үйретудемін. Бұл жарыста барлық кезеңнен сәтті өтіп, бірінші орынды иелендік, — деді Темірәлі Төлегенұлы.
Жеңімпазға 500 мың теңге табысталды.
Бүркітшілер арасында екінші орынды Бұқар жырау ауданынан Арман Метей, үшінші орынды Қарқаралы ауданынан Нұрғазы Қазыбек еншіледі.

Сұңқармен қатысқандар арасындағы үздік көрсеткішке қарағандылық Танат Оспанқұлов қол жеткізді. Екінші орын Темірәлі Төлегенұлына бұйырды.
Қаршығамен аң аулау санатында Карқаралы ауданынан Ерік Бақтығали жеңімпаз атанды. Екінші орынға — Танат Оспанқұлов, үшінші орынға қарағандылық Серік Кәріпов ие болды.