
Қарқаралы ауданының Абай ауылында туып-өскен кәсіпкерлер «Туған жерге тағзым» жобасы аясында туған өлкесін қолдауды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Natige компаниясының басшысы Ерлан Әшім мен Toi Grand мейрамханасының иесі Ербол Қайса балалық және жастық шақтары өткен ауылға бірнеше жыл бойы көмек көрсетіп жүрген жандар.

Абай ауылдық округінің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында олар жергілікті мектептің материалдық-техникалық базасын жаңартуға маңызды үлес қосты.

Ерлан Әшім спорт залының еденін толықтай ауыстыруды және заманауи жөндеуді қаржыландырса,

Ербол Қайса оқу ғимаратына 40 жаңа терезе орнатуды қамтамасыз етті.

— Менің балалық шағым дәл осы жерде өтті, осы сыныптарда білім алдым. Ауылға оралған сайын бұл мекеннің маған қаншалықты жақын екенін анық сезінемін. Мектеп ғимараты ескіргендіктен, еденді жаңартып, терезелерді ауыстыруды жөн санадық. Ең бастысы — мектептің жабылмай, оқушы санының азаймауы. Ауылға отбасылардың көшіп келуіне және тұрақтап қалуына мүмкіндік беретін бастамаларды әркез қолдаймын. Қолы жеткен өзге кәсіпкерлер де ауылдың қажеттіліктеріне көңіл бөлсе екен, — дейді Ербол Қайса.

Жаңартылған мектепте мерейтойға арналған іс-шаралар мен спорттық жарыстар өтіп үлгерді. Тұрғындар мұндай игі істер ауылдағы өмір сапасын жақсартып қана қоймай, ұрпақтар арасындағы байланыс пен жауапкершілікті нығайта түсетінін атап өтуде.

Фото: Қарқаралы ауданы әкімдігі