Қарағандыда өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 40-тан астам кәсіпорын 850 вакансия ұсынды

Қарағандыда өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 40-тан астам кәсіпорын 850 вакансия ұсынды

Қарағанда «Заң және тәртіп. Тұрақты жұмыс» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға 40-тан астам кәсіпорын қатысып, барлығы 850 вакансия ұсынды. Жәрмеңке барысында 83 үміткер тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жолдама алды.  

Жұмыс берушілер қатарында өңірдің ірі компаниялары — Silk Road Electronics, «Караганды-Нан», Steel Manufacturing, Qarmet, Қазақстан Халық банкі және өзге де ұйымдар болды.

Сонымен бірге жәрмеңкеге қала әкімдігі, Казыбек би және Әлихан Бөкейхан аудандары әкімдіктері, пробация қызметі, облыстық прокуратура, жеке сот орындаушыларының палатасы, әділет департаменттері, ҚАЖ жүйесі және Қарағанды полиция басқармасының өкілдері қатысты. Бұл формат келушілерге вакансиялар туралы толық ақпаратпен қатар, жұмыспен қамту және құқықтық қолдау мәселелері бойынша кеңес алуға мүмкіндік берді. Пробация қызметі арқылы 30 жолдама берілді.

– Басты мақсат — жұмыссыз азаматтардың жұмысқа орналасуына жағдай жасап, жұмыс берушілер мен үміткерлер арасында тікелей байланыс орнату, – дейді Еңбек мобильдігі орталығының басшысы Нұржан Сыздықов. – Өңір кәсіпорындары 850-ге жуық вакансия ұсынды. Қазірдің өзінде 83 адам жұмыспен қамту бағыттамасын алды.

Қатысушыларға тұрақты және уақытша жұмыспен қамту мүмкіндіктері, сондай-ақ «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Қоғамдық жұмыстар», «Күміс жас» және «Кәсіптік оқыту» бағдарламалары түсіндірілді. «Жастар практикасы» шеңберінде жәрмеңкеге келген 18 жасқа бірден жолдама берілді.

– Мен Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде оқимын. Өз мамандығыма сай жұмыс табу үшін жәрмеңкеге келдім, – дейді студент Назгүл. – Ұйымдастырушылар конкурстар мен ойындардан тұратын мазмұнды бағдарлама дайындаған. Осындай шаралар жиірек өтіп тұрса екен. Оқуды аяқтаған соң Жұмыспен қамту орталығына жүгініп, жұмыс іздеуді жоспарлап отырмын.

Жәрмеңкеге жалпы 300-ге жуық тұрғын келді.

Актуалды вакансиялардың толық тізімі enbek.kz порталында жарияланған.