
Қарағанды облысының оқушылары Италияда өткен беделді Fibonacci International Robot Olympiad робототехника олимпиадасында екі жүлде жеңіп алды. Қарағандыдағы IT-лицейінің «Ardobots» командасы Blue Entrepreneurship Challenge категориясында үшінші орынға шықса, Саран қаласындағы №17 гимназияның «Robo Stars Saran jr» командасы робофутбол жарысында күміс жүлде алды.
Fibonacci International Robot Olympiad жыл сайын ең дарынды жас инженерлерді жинайды. Биыл жарысқа 26 елден 2000-нан астам оқушы қатысты.

Қарағандылық командалар үшін финалға жету жолы оңай болған жоқ: алдымен олар республикалық кезеңде табысты өнер көрсетіп, биыл көктемде Түркияда өткен Еуразиялық іріктеуден сүрінбей өтті.

«Ardobots» командасының құрамында жетінші сынып оқушылары Дінәли Саятұлы мен Аңсар Айткен бар. Оларды тәлімгері Қайрат Исмаилов дайындап, бірнеше жыл бойы жас робототехниктерді тәрбиелеп келеді. Олардың «Аквариумға автоматтандырылған күтім жүйесі» жобасы Blue Entrepreneurship Challenge категориясында үшінші орын алды. Бұл категория олимпиададағы ең күрделі бағыттардың бірі болып саналады және жасанды интеллект, машиналық көру, бағдарламалау және инженерлік дизайн элементтерін біріктіреді.
Оқушылар аквариум иелерінің типтік мәселелерін зерттеп, күнделікті тұрмыстық міндеттерді шешуге арналған ақылды жүйе жасады: температура мен жарықты бақылау, балықты уақытында тамақтандыру, энергияны үнемдеу. Барлық конструкцияларды олар өздері 3D-принтерде жасап шықты.

— Біз жобаны Arduino платформасында 3D-модельдеу мен бағдарламалауды қолдана отырып жасадық. Бұл жобаны тек пайдалы қана емес, сонымен бірге технологиялық тұрғыдан заманауи етеді. Қосымша аквариумға күтім жасауға көмектеседі: балықты уақытында тамақтандыру, жарықты қосу және мәліметтерді көрсету. Ыңғайлы пернетақта арқылы телефон нөмірін енгізсеңіз, жүйе көрсеткіштер критикалық деңгейге жеткенде SMS жібереді, — дейді Дінәли Саятұлы.
Ең күрделі кезең — жобаны қорғау болды: қатысушыларға тек үш минут беріледі, ал жобаны көрсетуге болмайды. Сондықтан бұл категория олимпиададағы ең қиын бағыттардың бірі саналады. Оқушылар үшін бұл тәжірибе ерекше маңызды болды: шетелдік қатысушылармен танысып, олардың жобаларын зерттеу қызықты әрі пайдалы болды.

Саран қаласынан шыққан «Robo Stars Saran jr» командасы да жүлде жеңіп алды. Төртінші сынып оқушылары Антон Евсеев пен Тимур Кәрімов Асель Ақшалакованыі жетекшілігімен робофутбол жарысында екінші орын алды. Олар техникаға сенімді басқарып, командалық ынтымақтастық көрсетті.
Италияға жеткенге дейін команда республикалық іріктеуден сүрінбей өтіп, Анталиядағы чемпионатта табысты өнер көрсеткен, бұл оларға әлемдік финалда сынға түсуге мүмкіндік берді.

«Robo Stars Saran jr» командасының жаттықтырушысы Асель Ақшалакова жарыстың ауқымы туралы айтып өтті: турнирге автономды роботтардан бастап дрондарға дейін әртүрлі модельдер қатысты. Италиядағы басқа ережелер қиындық тудырғанымен, команда бірігіп, лайықты өнер көрсетті.
— Робофутбол — тек қана роботтардың гол соғатын ойыны емес. Негізгі басымдық конструирование, модельдеу және бағдарламалауда. Робот берілген параметрлерге сай жинақталуы керек: нақты ені, биіктігі, салмағы 700 граммға дейін болу қажет және ережелерге сәйкес келуі тиіс. Сонымен қатар, робот джойстикпен басқаруға бағдарланған. Біз жылдамдықты арттыру үшін роботты беріліс жүйесіне қостық. Жетекші доңғалақ мотор арқылы үлкен айналатын доңғалақты қозғалтып, беріліс коэффициентін арттырды. Сол себепті жоғары жылдамдықта жұмсақ бұрылыс іске аспады. Команда бұл конструкциялық ерекшелікті сақтап, маневрге емес, жылдамдыққа басымдық берді, — деп түсіндірді Асель Ақшалакова.
Fibonacci International Robot Olympiad олимпиадасының басты мақсаты — жас қатысушылардың инженерлік ойлау қабілетін, бағдарламалау және конструирование дағдыларын, сондай-ақ командалық жұмыс қабілетін дамыту.