
Жапонияда өтіп жатқан Сурдлимпиялық ойындарда қарағандылық тхэквондошылар қола жүлдегер атанды. Аян Әбідраш, Айжамал Әбдіқатова және Аида Мұратова түрлі елдің мықтыларын артқа тастап, Қазақстан құрамасының медаль қорына үлес қосты.
Биылғы ойындарға әлемнің 80 елінен үш мыңға жуық спортшы қатысуда. Олар 21 спорт түрі бойынша сынға түсіп жатыр.

Қарағандыдан Сурдлимпиялық құрамға тхэквондошылар Аян Әбдіраш, Айжамал Әбдіқатова және Аида Мақатова енді.

Медаль жолындағы бәсекеде Аян Әбдіраш алдымен Қытай спортшысын жеңді. Кейін Қырғызстаннан келген қарсыласын сенімді түрде ұтты. Жартылай финалда ол Иран спортшысымен кездесіп, жол берді. Үшінші орын үшін өткен шешуші жекпе-жекте Аян түрік таэквондошысын тізе бүктіріп, жарыстың қола жүлдегері атанды.
Аян Әбдіраш үшін бұл – үшінші Сурдлимпиада. Ол алғашқы ойындарда – алтын, 2022 жылғы жарыста – қола медаль иеленген.

Айжамал Әбдіқатова 57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Алғашқы кездесуінде қырғызстандық Бермет Марсбекованы 2:0 есебімен жеңді. Дәл сондай есеппен ол ширек финалда қытайлық Чжанг Хайаньды басып озды.

Алайда жартылай финал Айжамал үшін сәтсіз аяқталды: ол ирандық Золейхе Фатимаджахраға жол берді.
Қола медаль үшін тартыста біздің спортшы венесуэлалық Ортеро Сельседоны 2:0 есебімен жеңіп, Сурдлимпиаданың тағы бір қола жүлдесін еншіледі. Бұл – Айжамалдың Сурдлимпиялық ойындардағы екінші қоласы. Алғашқысын ол 2022 жылы жеңіп алған.

Аида Мақатова 67 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Алғашқы жекпе-жекте өзбекстандық спортшыға есе жіберді. Келесі жағдайда Аида ирандық қарсыласын ұтып, жеңіске жетті. Өткен Сурдлимпиадада Аида бесінші орын алған еді. Биылғы қола медаль – оның алғашқы сурдлимпиялық жүлдесі.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше