Карағандылық оқытушылар «Қазақ сөзі – цифрлық кеңістікте» республикалық байқауында топ жарды

Карағандылық оқытушылар «Қазақ сөзі – цифрлық кеңістікте» республикалық байқауында топ жарды

Қарағанды облысының қазақтанушы мамандары «Қазақ сөзі – цифрлық кеңістікте» республикалық конкурсында бірінші орын иеленді. Жеңімпаздар қатарында – «Отандастар қоры» КЕАҚ оқытушысы Әсия Смықова және Саран қалалық тілдерді дамыту орталығының педагогі Динара Жүпенова. Оларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Байқау «Тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ тілі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция аясында өтті. 

Қарағандылық мамандар qazcorpus.kz қазақ тілінің Ұлттық корпусының маңызын түсіндіретін қысқа бейнеролик әзірлеп, заманауи технологиялардың тілді оқыту процесін жеңілдетіп, оның цифрлық кеңістікте орнығуына қалай ықпал ететінін көрсетті.

– Біз сценарийді алдын ала дайындап, корпустың маңызы мен тиімділігін ашып көрсететін бейнеролик түсірдік. Оның мүмкіндіктері әріптестерге тілді жаңа, цифрлық өлшемде қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл – бір реттік жұмыс емес. Алдағы уақытта бұл ролик Ұлттық корпустың ғылым, білім және қазақ тілін дамыту салаларындағы пайдасын кеңінен түсіндіру және ілгерілету құралы ретінде қолданылатын болады, – деді Әсия Смықова.

Қазылар алқасы Қарағанды облысы педагогтерінің жоғары кәсіби деңгейін және байқауға мұқият дайындалғанын ерекше атап өтті.

Фото: Әсия Смықова