
Қарағандыда аутизм, Даун синдромы және өзге де даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер кондитер мамандығын тегін меңгеру мүмкіндігіне ие болды. Өңір бұған дейін тек Астанада жүзеге асып келген республикалық «Оқу-өндірістік комбинаттар» жобасына қосылды. Енді Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінің базасында балалар «кондитерлік іс» бағыты бойынша арнайы бағдарлама негізінде оқытылады.

Қазір алғашқы топқа қабылдау жүріп жатыр — 10 адам. Оқу алты айға созылады, барлық қатысушылар мемлекеттік үлгідегі куәлік алады. Колледж оқу-өндірістік жабдықтармен және инклюзия негіздері бойынша арнайы дайындықтан өткен педагогтармен қамтамасыз етілген.

— Біздің барлық шеберлер мен оқытушылар инклюзивті оқытудың базалық қағидаларын меңгерді. Балалардың ерекшеліктерін ескере отырып, біз олар үшін барынша жайлы әрі қауіпсіз орта құруға тырысамыз, — деді колледждің оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі директорының орынбасары Диляра Апсалямова.

Жобаны жүзеге асыру бастамасын Bolashak Charity қоры көтерген. Қор жылдар бойы балабақшалар мен мектептерде инклюзия кабинеттерін ашып, қолдау көрсетіп келді. Алайда түлектердің әрі қарай білім алу немесе кәсіп меңгеру мүмкіндіктері шектеулі екені байқалған.

— Колледждер мен жұмыспен қамту орталықтары ерекше білім беру қажеттілігі бар жасөспірімдерді қабылдауға дайын емес еді: бейімделген бағдарламалар да, арнайы мамандар да жоқ, ата-аналар да қайда жүгінерін білмеді. Сондықтан біз ОӨК құруды бастадық — мұнда ерекше қажеттіліктері бар жасөспірімдер базалық кәсіби машықтарды, әлеуметтік-тұрмыстық дағдыларды үйреніп, ерте кәсіби бағдардан өте алады, — дейді қордың әлеуметтік және инклюзивті бағдарламалар жетекшісі Самал Әлбілекова. — Бұл олардың дербестікке қадам басуына, қоғамға бейімделуіне және болашақта жұмыспен қамтылуына қолдау көрсетеді.

Жоба қордың инклюзия бағытындағы жүйелі жұмысының жалғасы болып табылады: мектепке дейінгі сүйемелден кәсіби білім беруге дейін үздіксіз қолдау тізбегі қалыптасып отыр.
Оқыту барысында жастар кондитерліктің негізгі технологияларын ғана емес, күнделікті өмірге қажетті дағдыларды да меңгереді: ас әзірлеу, тазалық сақтау, ас үй жабдықтарын қауіпсіз пайдалану.
Курс соңында қатысушылар ішкі біліктілік комиссиясынан өте алады және қызығушылық білдірсе, колледжде оқуын жалғастыру мүмкіндігіне ие болады.

Жоба — жасөспірімдерге өз жолын тауып, болашақ мамандығына сенімді қадам жасауға көмектесетін әлеуметтік пилот. Қатысуға 13 жастан жоғары түрлі диагнозы бар балалар шақырылады: аутизм, Даун синдромы, Туретта синдромы, эпилепсия, психикалық немесе сөйлеу дамуының тежелуі және басқа да ерекшеліктер.
Тіркелу сілтемесі: https://forms.gle/KfGKKfqfYpzfrugk7.