
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Instagram желісінде қоғам белсендісі, салық саласының сарапшысы Айжан Балакешовамен бірлескен тікелей эфир өткізді. Өңір басшысы биліктің кез келген форматта ашық әңгімеге дайын екенін атап өтті. Бір сағатқа созылған эфир барысында ол кәсіпкерлік және индустрия басқармасының басшысы Аскар Ғазалиевпен бірге шағын және орта бизнесті қолдау туралы сұрақтарға жауап берді. Тікелей эфирді 1500-ден астам көрермен тамашалады.
– Қоғам белсендісімен бірге тікелей эфирге шыққаныңыз үшін алғыс айтамын! Бұл облыс әкімі ретіндегі сізге деген азаматтардың сенімін арттырады, – деді модератор Айжан Балакешова.

Ермағанбет Бөлекпаев мұндай формат ең өзекті мәселелерді халықтың өз аузынан естуге мүмкіндік беретінін айтты.
– Біз әрқашан ынтымақтастыққа дайынбыз. Түрлі алаңдарда жиі кездесіп жүрміз, алайда дәл осындай форматта алғаш рет сөйлесіп отырмыз. Осы диалогты ұйымдастырғандарыңыз үшін рақмет, – деді өңір басшысы.
Эфир барысында бірқатар маңызды тақырып қозғалды: ШОБ-ты қолдау бағдарламаларының аймақтағы іске асырылуы, инвестиция тарту үдерістері, жергілікті өнімді ілгерілету тетіктері және басқа да мәселелер.
Модератор әкімнің картон қаптама шығаратын зауытқа барған сапарында әлеуетті серіктес болуы мүмкін кәсіпорын басшысына тікелей қоңырау шалғанын еске салып, мұндай әрекеттер жиі жасала ма, әлде бұл мүдде қорғау деп санала ма деген сұрақ қойды.
– Құпия ештеңе жоқ. Қоңырау соғылған кәсіпорын – Саран қаласындағы тұрмыстық техника зауыты, ол да біздің өңірдің өндірісі. Олар ынтымақтастық ниетін растады. Неге көмектеспеске? Өнім сапасы жақсы. Заң аясында өз тауар өндірушілерімізді қолдауды жалғастыра береміз, – деп түсіндірді Ермағанбет Бөлекпаев. – Біз үшін кез келген бизнес маңызды, өйткені бұл тұрғындар үшін жұмыс орындарын құрады. Әсіресе өңдеуші өнеркәсіп негізгі басымдыққа ие.

Әкім жаңа арнайы салық режиміне байланысты мөлшерлемені 2% деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылданатынын да хабарлады.
– 2% мөлшерлемені бекіткен кезде облыстың сауда саласы бойынша ел бойынша 3–4-орында тұрғанын ескердік. Бұл секторда 230 мыңға жуық адам еңбек етеді. Шешімнің тиімді тұстарын жан-жақты сараладық. Университет мамандары жүргізген талдау да бар. Бастысы, өңірде іскерлік белсенділік бәсеңдемей, жаңа жұмыс орындары ашылуы тиіс. Сол себепті маслихаттарға мөлшерлемені 2% деңгейінде қалдыруды ұсынамыз. Бұл кәсіпкерлер үшін тұрақтылық пен сенімділікті қамтамасыз етеді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Ол сондай-ақ «конверттегі жалақы» мәселесіне қатысты пікір білдірді. Өңір басшысы бұл тәжірибе салықтан жалтарумен қатар, қызметкерлердің өздеріне де зиян келтіретінін атап өтті — болашақта бұл олардың зейнетақы көлеміне тікелей әсер етеді. Әкім барлық кәсіпкер мен жұмыс берушіні заң аясында, ашық жұмыс істеуге шақырды.