
Қарағандылық оқушылар жаратылыстану-математикалық бағыттағы XVIII Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңінде бір алтын және екі қола медаль иеленді. Астанада өткен білім сайысына еліміздің әр өңірінен 200-ден астам мектеп оқушысы қатысты.
Бұл олимпиадаға бұған дейін республикалық пәндік олимпиадаларға қатыспаған 11 (12) сынып оқушылары ғана қатыса алады. Жарыс үш кезеңнен тұрды: өңірлік, іріктеу және қорытынды кезең.

Алтын медаль иегері – Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Даниал Орысхан. Математика мен шахматқа қызығатын ол сынақтың күрделілігіне қарамастан, жақсы нәтиже көрсетті.
– Олимпиада тапсырмалары мұқият дайындықты талап етті, бірақ мектеп бағдарламасынан алыс болған жоқ. Протоколды қарап, өз жұмысымды сараласам, көрсеткішімді одан да жақсарта алатынымды түсіндім, – дейді Даниал. – Қазір мен халықаралық емтихандар мен алдағы олимпиадаларға дайындалудамын. Болашақта әлемнің үздік университеттерінде білім алып, кейін Қазақстанға оралып, ел дамуына үлес қоссам деймін.

Қола медаль иегерлері – Қарағанды қаласындағы №2 лицейдің оқушысы Альбина Гердт пен «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушысы Камила Насырова.

Камила болашағын Назарбаев Университетімен байланыстырғысы келеді. Оның сүйікті пәндері – математика мен биология.
– Мен үшін олимпиадада аса қиын тапсырмалар болған жоқ. Биология біршама жеңілдеу, ал физика қиындау болды. Дегенмен өз өнеріме көңілім толады, – дейді ол.

Альбина Гердт те жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерге ерекше қызығушылық танытады. Болашақта медицина саласына түсуге ниетті.
– Өз көрсеткішімді жақсы деп бағалаймын, бірақ жетілдіретін тұстар бар. Олимпиада маған үлкен ынта берді. Мүмкін, жеңіске біршама жинақылық пен толқуымды жеңе білу жетіспеген шығар, – дейді оқушы.

Сонымен қатар №2 лицейдің оқушысы Иван Филиппов грамотамен марапатталды.
– Олимпиада жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қатысушылар мен жетекшілер үшін барлық жағдай жасалды. Балалар өздерінің білімдері мен мүмкіндіктерін толық көрсете алды, – дейді «Сарыарқа дарыны» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының «Зияткерлік сайыстар және тұлғаның шығармашылық дамуы» зертханасының меңгерушісі Меруерт Омарова.
Президенттік олимпиаданың басты мақсаты – жаратылыстану-математикалық ғылымдарға қызығушылықты арттыру, дарынды оқушыларды анықтау, олардың кәсіби бағдарын айқындауға көмектесу және жеке даму мүмкіндігін кеңейту.