Карағандылық зейнеткерлер «Балқаш» шипажайына тегін сауықтыру демалысына жіберілді

Карағандылық зейнеткерлер «Балқаш» шипажайына тегін сауықтыру демалысына жіберілді

Қарағанды облысынан 50 зейнеткер мен еңбек ардагері бүгін Приозерск қаласындағы «Балқаш» шипажайына емдік-сауықтыру демалысына жолға шықты. 

Олардың қатарында бұрын медицина саласында, шахтада, білім беру, құрылыс, өндіріс және басқа да салаларда көп жыл еңбек еткен азаматтар бар. Көпшілігінің жасы жетпістен асқан, сондықтан бұл сапар олар үшін үлкен қуаныш әрі күтпеген тарту болды.

Облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбековтың айтуынша, әлеуметтік қызметтер пакеті шеңберінде мемлекеттік қолдау алмаған зейнеткерлер үшін тегін демалыс пен ем алу мүмкіндігі үшінші жыл қатарынан ұсынылып келеді.

— Бұл — Қарағанды облысы әкімінің бастамасы. Жоба әлеуметтік әріптестердің белсенді қолдауының арқасында жүзеге асырылуда. Олар сапарды ұйымдастырып, тұру мен оңалту шараларының ақысын толық өтеді. Соның нәтижесінде бағдарлама алдағы уақытта да жалғасады, — деп атап өтті Ораз Тәуірбеков.

«Балқаш» емдік-сауықтыру кешені Приозерск қаласында, Балқаш көлінің жағасында орналасқан. Мұнда тынығуға да, денсаулықты қалпына келтіруге де барлық жағдай жасалған. 

Зейнеткерлер 10 күн бойы оңалту мен емдеу шараларынан өтеді, ал шипажай мамандары әр қатысушыға жеке бағдарлама әзірлейді.

Серік Темірбеков «Топар» шахтасында 30 жыл бойы электровоз машинисі болып еңбек еткен. Қазір Абай қаласында тұрады.

– Мен мұнда алғаш рет бара жатырмын. Мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлық пен емделуге берілген мүмкіндік үшін қуаныштымын, – дейді ол.

Сарандық Наталья Антонова медицина саласында шамамен жарты ғасыр жұмыс істеген. Қазір зейнетте, алдағы демалысқа ерекше риза.

— Мұндай ұсыныс болады деп күтпеген едім. Шипажайға жақсы көңіл күймен және тамаша адамдармен бара жатырмыз. Сараннан бесеуміз. Зейнеткерлерге қолдау көрсетіп, осы сапарды ұйымдастырғандары үшін алғыс білдіреміз, — дейді Наталья Антонова.

Еңбек ардагерлері шипажайға жайлы автобуспен аттанды. Оларды жол бойы медицина қызметкерлері мен полиция өкілдері бірге алып жүреді.