Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар тауарларға негізсіз үстеме бағаларға қарсы бақылау күшейтілді

Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар тауарларға негізсіз үстеме бағаларға қарсы бақылау күшейтілді

Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға бағытталған бақылау жұмыстары жалғасуда. Мақсат – тауарлар бағасының негізсіз қымбаттауына жол бермеу. Жыл басынан бері облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 147 кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Олардың ішінде 137 кәсіпкер рұқсат етілген үстеме бағаны асыра пайдаланса, 10 кәсіпкерде тауардың нақты бағасы бағалық жапсырмадағы көрсеткішке сәйкес келмеген. Нәтижесінде 112 бизнес субъектісіне жалпы сомасы 5 миллион теңгеден асатын айыппұл салынды.

Ең жиі заңбұзушылық қант, күріш, қарақұмық, ұн, макарон және тұз сату кезінде тіркелсе, көкөніс, сүт өнімдері мен ет саудасында бұл жағдай сирек кездеседі.

Аймақтар бойынша қарасақ, ең көп заңбұзушылық Қарағанды қаласында – 68 жағдай, одан кейін Саранда — 18, Теміртауда — 12, Балқашта — 9 және Приозёрскіде — 3 жағдай тіркелген.

Бағаның негізсіз өсуін болдырмау мақсатында облыста делдалдық схемаларды зерттейтін арнайы комиссия жұмыс істейді. Комиссия құрамына сауда, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік кірістер, экономикалық тергеу департаменттерінің, сондай-ақ бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кіреді.

Комиссия ірі сауда желілерінің шот-фактураларын жүйелі түрде тексеріп, тауардың өндірушіден дүкен сөресіне дейінгі қозғалысын бақылайды. Бұл тәсіл артық делдалдықты жояды және нәтижесінде негізсіз үстеме бағалардың пайда болуына жол бермейді. Оның жұмыс нәтижесінде бес ірі сауда желісі мен 25 көтерме жеткізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.