Қарағандының Орталық саябағында ағаштардың нақты саны анықталды

Қарағандының Орталық саябағында ағаштардың нақты саны анықталды

Қарағандының Орталық саябағы кезең-кезеңмен жаңарып, тұрғындар үшін жайлы демалыс кеңістігіне айналып келеді. Мұнда бірінші көл толық тазартылып, екінші көлдің реконструкциясы аяқталды. Алматыдан шақырылған ғалымдардың қатысуымен ағаш қорының түгендеуі жүргізілді. «Жасыл паспортта» ағаштардың саны мен жағдайы ғана емес, сондай-ақ болашақта көшет егу бойынша ұсыныстар да қамтылған.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа көлдерді тазарту жұмыстарының нәтижелері және саябақтың алдағы даму жоспарлары таныстырылды.

– Бірінші және екінші көлдерді тазарту жұмыстары толық аяқталды. Өткен жылы алғашқы кезең – лайды сорып шығару жүргізілген болатын. Екінші көлді толықтай құрғатып, түбіндегі жиналған лай механикалық әдіспен, экскаватор арқылы шығарылды. Сонымен қатар, су айдынын балықтандырдық – 110 мың дана ақ амур шабағын жібердік. Бұл жұмысты жалғастырып, жыл сайын 10–15 мыңнан қосып отырамыз. Қазір көлді сумен толтыру жұмыстары табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірге жүзеге асырылуда. Олар Бұқпа өзенінің арнасын тазарту жобасын қолға алды. Бұған қоса, көлдердің жағалауында 10 ұңғыма бұрғыланды. Қазір сорғылар орнатылып жатыр. Ай сайын бірінші және екінші көлдерге 5 мың текше метр жаңа су жіберіледі, – деді мәдениет және демалыс саябақтары басқармасының директоры Талғат Байтохин.

Екінші көлде түбін тазартумен қатар, жағалауды бекіту құрылымдары толық ауыстырылды. Келесі жылы көл жаңа жүйе бойынша сумен толтырылады. Мұнда су құстарының саны да көбейеді деп жоспарлануда. Саябақтың өзен-көл айдынына аққулар әкелу жөнінде хайуанаттар бағымен келісім жасалған.

Бірінші көлде аэрация жүйесі орнатылды. Келер жылы жағажай аумағын абаттандыру жоспарланып отыр.

Үшінші көлде де түбін тазарту жұмыстары жалғасып жатыр.

Биыл саябақта алма бағы пайда болды – жеті мыңнан астам ағаш пен бұта егілді. Жасыл аймақтарды жаңарту — аумақты кешенді абаттандырудың маңызды бөлігі.

Ермағанбет Бөлекпаевқа сонымен қатар барлық тазарту кезеңінен кейін үшінші көлге орнатылатын музыкалық және жарық динамикалық субұрқақтың жобасы ұсынылды.

– Жалпы, жұмыс өз жалғасын табуда. Соңғы үш жылда біз саябақтағы көлдерді тазарту және су айдындарының маңын абаттандырумен айналысып келеміз. Бұқпа өзенін сауықтыру жұмыстары аяқталуға жақын. Нәтижелер айқын. Жоспарлар бар, абаттандыруды жалғастыру қажет. Саябақ тұрғындар үшін одан әрі қолайлы болуға тиіс, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.