
Қарағандыда «Шетсіз қала» бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асып келеді.

Әлихан Бөкейхан атындағы ауданда аулалар мен аллеялар жаңартылып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптасып жатыр.

Биыл «Халық қатысатын бюджет» шеңберінде жергілікті тұрғындар бастамашы болған 43 жоба іске асырылды. Оның ішінде балалар және спорт алаңдарын орнату, көше жарығын жаңарту секілді әртүрлі бағыттар қамтылған.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында атқарылған жұмыстардың нәтижесімен танысып, олардың сапасына назар аударды.

Өңір басшысы Майқұдықтағы 16-шы шағын ауданның ауласында болды.

Мұнда тұрғындар үшін ойын алаңы мен спорт аймағы бар заманауи демалыс кеңістігі жасалған. Әткеншектер, тренажёрлар, орындықтар орнатылып, аула жарықтандырылды.

Әкім аула тұрғындарымен сөйлесіп, жасөспірім футболшыларға жаңа спорт доптарын табыстады.


– Бұл жерде 26 жыл тұрамын. Бес балам осы аулада өсті, қазір немерелерімді осында серуендетемін. Бұрын ауламыз қараусыз еді, бүгінде бәрі өзгерді. Тұрғындардың бәрі риза. Ыңғайлы әрі әдемі аула жасағандарыңызға алғыс айтамын, – деді зейнеткер Батима Ахметова.

Түсіп Күзембаев атындағы гүлзар да жаңаша кейіпке енді. Абаттандыру ең алдымен 2004 жылы орнатылғаннан бері жөндеу көрмеген шахтер ескерткішінен басталды. Стела жаңа гранитпен қапталып, кейін аумақты жаңарту жұмыстары жүргізілді.

Қазір мұнда жаңа тас төсемі, гүлзарлар, перголалар, композиттік мәрмәрдан жасалған орындықтар мен урналар орнатылған. Ашық ауада ойнауға арналған шахмат үстелі қойылды.
Гүлбақтарға көпжылдық гүлдер егілмек. Алдағы жылы абаттандыру жұмыстары жалғаспақ.

Сталелитейная көшесіндегі гүлзар да айтарлықтай түрленді. Мұнда да қырлы тас төселіп, перголалар мен жаңа орындықтар орнатылды, урналар жаңартылды. Жылу трассаларының бетон тіректері ұлттық өрнектермен сәнделді. Діңгектерді қоршайтын қорғаныш торлары қолданылып, қызыл жапырақты үйеңкі көшеттері егілді — бұл әрі көрікті, әрі ағаштың тамыр жүйесін қорғайды.

– Біз «Шетсіз қала» қағидатын қабылдадық. Жұмыс жүріп жатыр, оның нәтижесін көріп отырмыз. Ең маңыздысы — халықтың разылығы. Абаттандыруды жалғастырамыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сапар барысында облыс әкімі бірқатар өндіріс орындарына да барып, өндірістік процестермен танысты және олардың алдағы даму жоспарларын талқылады.

«ЭГОФОМ» компаниясы жұмсақ жиһаз, матрас және қаптама материалдарына арналған поролон өндіреді.

Бұрын жартылай қирап тұрған өндірістік ғимараттардың орнына жаңа цехтар қалпына келтіріліп, қоймалар тұрғызылған.

Еуропалық жабдық сатып алынып,

кәсіпорын өнімдері ішкі нарыққа және жақын шетелге экспортталады.

«Kaz-metiz» зауыты – Қазақстандағы жоғары көміртекті болаттан жасалған арқан мен сым өндіретін жетекші кәсіпорын.

Жылдық өндірістік қуаты – 30 мың тонна. Мұнда 300-ден астам адам еңбек етеді. Өнім теміржол, тау-кен металлургия, энергетика және құрылыс салаларында кең сұранысқа ие.

Нарық географиясы: Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Беларусь. Биыл сымды патенттеу және бора жағу желісі іске қосылып, жаңа өндірістік жабдықты енгізу жоспарланып отыр. Газ таратушы кешеннің құрылысы аяқталуда.

Бұдан бөлек, Ермағанбет Бөлекпаев үшінші жылу шығару жобасы аясында салынған жаңа сорғы станцияларының бірін қарап шықты.

Нысан тұрақты жұмыс істеп тұр. Заманауи жабдықтармен қамтылған станцияда диспетчерлік орталықтан толық бақылау және басқару жүргізіледі.

