
Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігі қала тұрғындары мен қонақтарын классикалық туындылар, ұлттық әуендер және заманауи музыкалық бағыттардың үйлесімін ұсынып, тыңдарманды баурайтын концерттерге шақырады. Кештер «Аманат» партиясының концертік залында өтеді (Қарағанды қ., Әлиханова көш., 4).
20 қарашада Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі «Әлем музыкасының жауһарлары» атты бағдарламасын ұсынады. Тыңдарманға кеңінен таныс шығармалар — Тәттімбеттің «Сарыжайлау» күйі, Артуро Маркестің әйгілі «Danzón №2» туындысы, Ян Тирсеннің «Амели» вальсі, Узеир Гаджибековтың «Аршин мал алан» опереттасынан увертюра, сондай-ақ Мыңжасар Маңғытаевтың «Концерттік күйі» мен Йоганнес Брамстың «Венгр биі №6» секілді классикалық композициялар орындалады.
Кеште солистердің де өнері ерекше бояу береді. Гүлмира Тапай Кенен Әзірбаевтың «Жас келін» әнін, халықаралық байқаулардың лауреаты Рысты Рахымжан Дэвид Гарреттің «Io Ti Penso Amore» шығармасын және Имре Кальманның опереттасындағы Сильваның ариясын орындайды. Дулат Ақанов Жозеф Косманың «Les Feiled Mortes» және өзге де әлемдік хиттерін сахналайды.
Оркестрді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абдуғалиcын Шоқанбаев, мәдениет саласының үздігі Ерлан Бақтыгерей, сондай-ақ халықаралық конкурстардың лауреаты, композиторлар одағының мүшесі Әбілқайыр Сағымбаев басқармақ.
Кеш 18:30-да басталады.
22 қараша күні Еркеғали Рахмадиев атындағы Қарағанды академиялық симфониялық оркестрі классикалық дәстүр мен заманауи музыкалық ізденістерді үйлестірген жаңа бағдарламасын ұсынады. Тыңдарман Петр Чайковскийдің до-мажор, ор. 48 ішекті оркестрге арналған серенадасын, Ришар Гальяноның аккордеон мен ішекті оркестрге арналған «Опаловый концертін», сондай-ақ Жармахан Тұякбаевтың «Атамекен» әнінің желісіндегі Данияр Біржапырақовтың фантазиясын тыңдай алады.
Кештің арнайы солисті — «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі, әлемдік баян және аккордеон шеберлерінің ассоциация мүшесі Ғалымжан Нарыmбетов. Шебер музыкант баян, аккордеон және бандонеонда шебер ойнайды.
Оркестрді Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары академиялық оркестрінің дирижері Әбілқайыр Сағымбаев басқарады.
Концерт 17:30-да басталады.