
Қарағанды облысын республикалық мәдени-ағартушылық «Мың бала» жобасында лайықты таныстырған – Нұра ауданы, Ыбырай Алтынсарин атындағы негізгі мектептің 11-сынып оқушысы Яна Приб. Оның жоғары дайындық деңгейі, сахналық шеберлігі мен әртістік қабілеті қазылар алқасын баурап, шығармашылық өнер көрсетуі көрермендерді де тәнті етті.

Биылғы байқау ұлы Абайдың 180 жылдығына және көрнекті композитор Нұрғиса Тлендиевтің 100 жылдығына арналды.

Яна «Өнерің өрге жүзер» номинациясында жеңіске жетті. Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде әлеуметтік желілерде Абайдың 180 жылдығына арналған челлендж жарияланды: қатысушылар ақын шығармаларын мәнерлеп оқу тапсырмасын орындады. Яна Абайдың өлеңін жатқа оқыған видеосы ең көп лайк жинап, өңірлік кезеңнің жеңімпазы атанды. Республикалық кезеңде ол Шәмші Қалдаяқовтың «Бәрінен де сен сұлу» әнін гитарамен орындап, «Өнерің өрге жүзер» номинациясында өз шеберлігін көрсетті. Байқаудың соңғы кезеңі гала-концерт форматында өтті, қатысушылар марапатталды.

– Алғаш рет үлкен сахнаға шыққандықтан қобалжыдым. Бірақ бұл тәжірибе мен үшін маңызды қадамға айналды, жаңа эмоциялар мен сенімділік сыйлады. Байқау балаларды біріктіріп, қазақ мәдениетімен таныстырады және дәстүрлерді сыйлауға үйретеді. Сонымен қатар, талантты жастарға өз мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашады және шабыттандырады, – дейді Яна.

Оқушыны дайындаған – Нұра ауданы, Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Айгүл Оспанова.
– Байқауға қатысу Яна үшін үлкен тәжірибе болды. Ол мемлекеттік тілді меңгеруге зор ынта көрсетіп, осы арқылы жақсы нәтижелерге жетті. «Мың бала» жобасы ауыл мен қаланың оқушыларына тең мүмкіндіктер береді, – дейді Айгүл Оспанова.
Жоба Қазақстандағы ұлттық бірегейлікті, жастардың бірлігін дамытуға, сондай-ақ мемлекеттік тілге қызығушылық танытатын балаларды қолдауға бағытталған.
Фото: Айгүл Оспанованың жеке мұрағатынан