
Испанияның Памплона қаласында өткен батуттық гимнастика бойынша әлем біріншілігінде 12 жастағы қарағандылық Александра Лямкина жарқын дебют құрып, үздік нәтижеге қол жеткізді. Павлодарлық спортшы Софья Долгополова екеуі синхронды секіру бағдарламасында қола медальға ие болды.
Бұл ақпаратты облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасы таратты.

Александра алты жасынан гимнастикамен шұғылданып келеді. Ол түрлі деңгейдегі жарыстарда бірнеше мәрте топ жарған. Бүгінде үміт күттіретін жас спортшыны Рузана мен Кирилл Кокоревтер жаттықтырады.
Басқарманың хабарлауынша, дәл осы әлемдік біріншілікте 11–12 жас санатында акробатикалық жолақтағы секіруде Мирон Мацымоха да бақ сынады. Ол халықаралық додада финалға өтіп, нәтижесінде алтыншы орынды еншіледі.

Айта кетейік, қарағандылық батутшылар соңғы жылдары жоғары көрсеткіштерімен танылып жүр. 2025 жылғы Әлем кубогы кезеңдерінің қорытындысында Данил Мұсабаев пен Никита Тумаков дуэті синхронды секіру бойынша әлемдік рейтингтің көшін бастады.