Қарағанды облысында жаңа балалар футбол лигасының қысқы маусымының ашылуында 140-қа жуық команда бақ сынады

Қарағанды облысында жаңа балалар футбол лигасының қысқы маусымының ашылуында 140-қа жуық команда бақ сынады

Қарағанды облысында Freedom Balalar Futbol Ligasy (Freedom BFL) жаңа балалар футбол лигасының қысқы маусымы басталды. Жуырда ғана облыс біріншілігі мәртебесін алған бұл турнир қысқа мерзім ішінде өңірдегі ең ауқымды спорттық жобаға айналды. Ашылу матчтарына 140-қа жуық команда қатысты.

Маусымның алғашқы ойыны «Шахтёр U10» мен «Скаут U10» командалары арасында өтіп, кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.

Айта кетейік, өңірде балалар мен жасөспірімдер футболын жүйелі түрде дамыту мақсатында үшжақты меморандумға қол қойылған.

– Меморандумға қол қойылғалы бері командалар саны 159-ға дейін өсті, ал жас футболшылардың қатары шамамен үш мың балаға жетті. Әр апта сайын 76 матч өткізуді жоспарлап отырмыз – бұл BFL тарихындағы абсолюттік рекорд. Турнирдің дамып, футболға қызығатын балалардың санын одан әрі арттыратынына сенімдіміз, – деді Қазақстан әуесқой футбол лигасының өңірлік филиалының төрағасы Мейрам Серіков.

Freedom BFL бұқаралық футболды дамытуды, барлық үдерістерді цифрландыруды және бірыңғай спорттық стандартты енгізуді мақсат етеді. Қатысушылар жас ерекшелігі мен дайындық деңгейіне қарай топтастырылған. Матчтар төрт спорт алаңында өтеді. Ойын нәтижелері ресми деректер базасына енгізіліп, жас футболшыларға спорттық разрядтар тағайындалатын болады.