
Қарағанды облысында көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өңірдің орман қоры жүйелі түрде толықтырылып жатыр: биыл орман шаруашылықтары аумақтарына екі миллионнан астам көшет егілді. Қалалар мен ауылдарда 60 мыңға жуық ағаш егілді.
Маусымның нәтижелері мен келер жылға қойылған міндеттер аппараттық кеңесте қаралды.
Көгалдандырудың негізгі бөлігі мемлекеттік орман қоры жерлерінде атқарылуда. Бұл аумақта Қарағанды, Қу және Ақтоғай орман шаруашылықтары жұмыс істейді.
– Биыл жапырақты және қылқанжапырақты ағаш тұқымдарының 2 миллионнан астам көшеті егілді. Жыл сайын жерсіну көрсеткішін көтеріп келеміз. Жерсінбеген көшеттерді жаңасына алмастырамыз, – деді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев.
Көшетпен қамтамасыз ету үшін 40 гектардан асатын аумақтағы орман тұқымбағы қызмет етеді. Оның жылдық қуаттылығы – 1,3 миллион көшет. Биыл тұқымьақты кеңейту басталды. Сонымен қатар техника жаңартылып, әкімшілік ғимарат пен ангар салынды, тоңазытқыш және кептіргіш камералар орнатылды, тамшылатып суару жүйесі мен бейнабақылау жүргізілді.

Қазіргі уақытта тұқымбақта түрлі ағаш тұқымдарының 5,5 миллионнан астам көшеті бар. Орман шаруашылықтарының мамандары қараған, қарағаш, үйеңкі, жиде және қарақат тұқымдарының 3,5 тоннасын жинады. Сонымен қатар келесі маусымға арналған топырақ дайындау жұмыстары қатар жүргізілуде.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тиісті ведомстволардың үйлесімді жұмысын күшейтуді және көгалдандырудың барлық кезеңдеріндегі сапаны қатаң бақылауды тапсырды.
– Орманды қалпына келтіру жоспары толық орындалуы тиіс. Отырғызылған көшеттердің жерсінуін мұқият қадағалау, нормалардың сақталуын тұрақты бақылау маңызды. Қалалар мен ауылдарда жаңа жасыл аймақтар құрып, егілген ағаштарға жүйелі күтім жасау қажет, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ ол жергілікті жоғары оқу орындарының биология факультеттерімен тығыз әріптестік орнатуды ұсынып, өңірдің көгалдандыру көрсеткіштерін жақсартуға әлеуеті зор екенін атап өтті.