«Таза Қазақстан»: Майқұдық саябағында құстарға арналған қоректендіргіштер орнатылды

«Таза Қазақстан»: Майқұдық саябағында құстарға арналған қоректендіргіштер орнатылды

Қарағандының Майқұдық саябағында 12 қараша — Сарышымшық күніне орай экологиялық акция өтті. Табиғи ресурстар басқармасының мамандары, эко белсенділер, еріктілер және орман шаруашылығы қызметкерлері қысқы суықта табиғи қорек тапшы болатын кезеңде құстарды қолдауға бағытталған арнайы қоректендіргіштер орнатты.

Қала тұрғындарын да осы игі бастамаға үлес қосып, саябақтар мен гүлзарларға қойылған қоректендіргіштерді жеммен толықтырып отыруға шақырады.

— Қыс мезгілінде құстарға қамқорлық ерекше маңызды. Үй маңындағы гүлзарларда да қарапайым қоректендіргіш орнатуға болады. Оларды өзіңіз де жасай аласыз. Бұл — өңірімізде қыстап қалатын құстар үшін қатаң климат жағдайындағы үлкен көмек, — дейді Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының аңтанушысы Александр Москоленко.

Акция «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында және Қарағанды облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жүзеге асырып жатқан «Жануарлар биоалуантүрлілігін сақтау» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, құстарға жанашырлық таныту — өңірдегі биоалуантүрлілікті сақтаудың маңызды бағытының бірі.

Қарағанды облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметі бойынша