Қарағанды облысында мемлекеттік статистиканың 105 жылдығы аталып өтті

Қарағанды облысында мемлекеттік статистиканың 105 жылдығы аталып өтті

Қарағандыда Қазақстанда мемлекеттік статистика органдарының құрылғанына 105 жыл толуына арналған мерейтойлық шара өтті. Саланың ардагерлері мен бүгінгі қызметкерлері бас қосқан жиында үздік мамандар ұзақ жылдық еңбегі мен саланы дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін марапатталды.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев статистика саласының қызметкерлеріне кәсіби адалдығы мен жауапкершілігі үшін алғыс айтты.

– Қазіргі әлемді статистикалық деректерсіз бағалау мүмкін емес. Статистика жүздеген, мыңдаған көрсеткіштерді біріктіріп, экономиканың, жұмыспен қамтудың, халықтың тұрмыс деңгейі мен демографиялық ахуалдың нақты көрінісін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл мәліметтер мемлекет үшін маңызды процестерді түсінуге және тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға жол ашады, – деді аймақ басшысы.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда үш рет халық санағы және екі рет ауыл шаруашылығы санағы жүргізілді. Биыл аяқталған соңғы ауыл шаруашылығы санағы саланың тарихындағы аса маңызды науқандардың бірі саналады.

Статистика департаментінің қызметкері Лариса Эм санақ жұмыстары үлкен жауапкершілік пен кәсіби үйлесімділікті талап еткенін атап өтті.

– Әсіресе интервьюерлерді іріктеу кезінде қиындықтар болды. Соған қарамастан, біз тапсырманы абыроймен орындадық. Санақ нәтижелі өтті деп есептеймін, – деді ауыл шаруашылығы статистикасы басқармасының басшысы.

Кәсіби еңбегі үшін Лариса Эм «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Сонымен қатар департамент басшылары, құрылымдық бөлімше мамандары, нұсқаушылар мен интервьюерлер Құрмет грамоталары, алғыс хаттар және төсбелгілерге ие болды.

Жиында сала ардагерлеріне де құрмет көрсетілді. Олардың арасында шамамен 20 жыл бойы облыстық статистика басқармасын басқарған Людмила Колесова да бар.

– Статистика — қашанда маңызды ғылым. Әрбір санның астарында еңбек, дәлдік және үлкен жауапкершілік тұрады. Статистикалық деректерсіз халықтың өміріне тікелей әсер ететін шешімдер қабылдау мүмкін емес, – деді ол.

Мерекелік кездесу концерттік бағдарламаға жалғасты.