Тең мүмкіндіктер: қарағандылық оқушылар Астанада өткен спорттық фестивальде жоғары нәтиже көрсетті

Тең мүмкіндіктер: қарағандылық оқушылар Астанада өткен спорттық фестивальде жоғары нәтиже көрсетті

Қарағанды облысында инклюзивті спорттың дамуына айрықша назар аударылуда. Қозғалмалы ойындар мен бірлескен жаттығулар арқылы ерекше білім беруді қажет ететін балалар командалық рухты қалыптастырып, өзіне сенімді болуға және жаңа достар табуға мүмкіндік алады.

Жақында қарағандылық оқушылар Астанада өткен республикалық «Тең мүмкіндіктер» спорт фестивалінен жеңіспен оралды. Биыл ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен шамамен 500 бала қатысты, олардың қатарында Қарағанды облысының 36 өрені болды.

Фестиваль бағдарламасына бочче ойыны, жеңіл атлетика жарыстары және эстафета енгізілген. Командалар үш адамнан жасақталып, әр топтың құрамында ерекше қажеттіліктері бар бір бала болды.

– Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – балалардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау, – дейді «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім берудің аймақтық ғылыми-практикалық орталығы басшысының орынбасары Асхат Какетаев. – Қазір облысымызда бочче спорты белсенді дамып келеді, балалар осы бағыттағы жарыстарға екінші жыл қатарынан қатысып жүр. Көпшілігі өзара жақсы араласып, достасып кетті. Бұл үрдіс тек балалардың ғана емес, ата-аналардың да бір-бірімен байланысын нығайтады. Мұның бәрі олардың психоэмоционалдық жағдайына және денсаулығына оң әсерін тигізеді.

Қарағанды облысының қатысушылары фестивальде жоғары нәтижелерге қол жеткізді: бочче бойынша екінші және үшінші орындарды иеленіп, жеңіл атлетикада қыздар арасында бірінші орынды жеңіп алды.

– Біз ерекше балалардың әлеуметтенуіне, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға бағытталған жобаларды қолдауды жалғастырамыз. Жуырда ғана «Жұлдызай» шығармашылық фестивалі аяқталды, онда да біздің тәрбиеленушілер өз дарынын таныта білді, – деп атап өтті Асхат Какетаев.