
Қарағанды облысында денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Ауылдық елді мекендерде 92 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді, олардың 51-і арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен салынған.
Өңірде медициналық қызметтің сапасын арттыру мен шұғыл көмек көрсетудің тиімділігін жоғарылатуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар тек облыс орталығында ғана емес, басқа қалалар мен аудандарда да қарқынды жүргізілуде.
Теміртауда ангиографиялық операциялық бөлімшенің құрылысы аяқталды. Балқашта бұрынғы шипажай ғимаратын реабилитациялық орталыққа бейімдеу және көпбейінді аурухананы күрделі жөндеуден өткізу жалғасуда.

– Биыл Үкімет Қарағанды қаласындағы №3 көпбейінді аурухана — онкоорталықтың операциялық және реанимациялық блогының құрылысын аяқтап, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге арнайы мемлекеттік қордан 6,2 миллиард теңге бөлді. Бұл — облысымыз үшін ең маңызды жобалардың бірі, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Облыста жедел жәрдем қызметінің автопаркі толық жаңартылып, 113 жаңа көлік сатып алынды.
Дәрігер кадрларын тарту және ауылдық денсаулық сақтау мекемелерін мамандармен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
– Биыл 67 жас дәрігер ауылдық ауруханаларға жұмысқа келді. Біз оларды көтерме ақы төлеу арқылы қолдаймыз, оның мөлшері 8,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды, – деп атап өтті өңір басшысы.
Сонымен қатар, тұрғын үй мәселесі де шешілуде: 2023 жылдан бері медициналық қызметкерлерге 250 пәтер берілді.