
Қарағанды облысында «XXI ғасыр көшбасшысы» атты интеллектуалдық ойынның өңірлік кезеңі өтті. Білім сайысында 11-сыныптың үздік оқушылары өзара бақ сынап, республикалық кезеңде облыс намысын қорғау құқығын сарапқа салды.

Бұл тележоба алғаш рет 25 жыл бұрын эфирге шыққан. Негізгі мақсаты – білімді, дарынды әрі мақсаткер жастарды анықтап, ел болашағының көшбасшыларын тәрбиелеу. Байқау үш сатыдан тұрады: мектепішілік, облыстық және республикалық. Биыл іріктеу кезеңдеріне ауылдық, қалалық және мамандандырылған мектептердің екі мыңнан астам жоғары сынып оқушылары қатысты. Ал облыстық кезеңге олардың 90-нан астамы өтті.

Шахтинск қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы гимназияның оқушысы Дмитрий Шапкин мұндай зияткерлік сайыстар білімге деген қызығушылықты арттырып, өзін-өзі дамытуға серпін беретінін айтады.

– Осындай байқауға қатысу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Бұл – өз қабілетіңді сынап, жаңа білім алуға мүмкіндік беретін орта. Арнайы дайындық жүргізген жоқпын, бірақ өткен жылдардағы бағдарламалармен танысып, сұрақтардың тақырыбын алдын ала шолып шықтым, – дейді ол.

Қатысушылар 60 тест сұрағына жауап берді. Тапсырмалар биология, география, Қазақстан тарихы және басқа да пәндерді қамтыды. Жауап беруге 75 минут берілгенімен, көптеген оқушылар тапсырманы уақытынан бұрын аяқтады.

№ 88 мектептің 11-сынып оқушысы Виктория Устименконың айтуынша, сұрақтар тек пәндік білімді ғана емес, логикалық ойлауды да қажет етті.
– Тест сұрақтары жан-жақты болды. Мектеп бағдарламасындағы біліммен қатар, дүниетаным мен логикалық ойлауға қатысты тапсырмалар да кездесті. Айтарлықтай қиындық тудырғаны тек физика бойынша болды, – деп бөлісті ол.
Байқау бірнеше мақсатты көздейді: оқу белсенділігін ынталандыру, дарынды оқушыларды анықтап, олардың зияткерлік әлеуетін дамыту және ел болашағына үлес қосатын жас көшбасшыларды қолдау.
Өңірлік кезеңді Қарағанды облысының білім басқармасы мен «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім берудің өңірлік ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.

– Екі турдың қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған бес оқушы облыс атынан республикалық кезеңге жолдама алады, – деді орталықтың әдіскері Балжан Салауатов.
Финалдық ойын 2026 жылдың ақпан–наурыз айларында Алматы қаласында өтеді және «Хабар» телеарнасы арқылы көрсетілмек.
Республикалық кезеңде Қарағанды облысының намысын келесі оқушылар қорғайды: Шахтинск қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы гимназияның оқушысы Дмитрий Шапкин, Нұра ауданындағы М. Жұмабаев атындағы орта мектептің шәкірті Жанбота Ошақбай, Н. Нұрмақов атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Дәрмен Тұрсын, Жамбыл атындағы мектеп-лицей-интернатының тәрбиеленушісі Науаф Армия және Саран қаласындағы Абай атындағы орта мектептің оқушысы Зере Еркін.