Теміртауда тағы 1135 үйге табиғи газ қосылды

Теміртауда тағы 1135 үйге табиғи газ қосылды

Теміртаудың «Отрадное» шағын ауданында қаланың газбен жабдықтау жүйесінің кезекті іске қосу кешені пайдалануға берілді. Енді мұндағы 1135 абонент табиғи газға қосылып, жеке сектор үйлері біртіндеп заманауи әрі экологиялық таза отынға көшуде.

Бұған дейін шағын ауданның бір бөлігі орталықтандырылған жылумен қамтылса, қалған үйлер қыс бойы пеш жағып келген.

«Отрадное» тұрғыны Шолпан Ыскақова бұл күнді ұзақ күткенін айтады.

— Бізге газ 2025 жылы тартылады дегенде қатты қуанған едік. Сол уәде орындалды. Тамыз айында орталық жылу жүйесінен ажыратылып, осы сәтті күттік. Бүгін біздің үй алғашқының бірі болып қосылды. Көршілеріміздің бәрі газға өтті — әрі ыңғайлы, әрі үнемді, — дейді ол қуана.

Бірінші кезектің төртінші іске қосу кешенінің құрылысы өткен жылы басталған. Осы уақыт ішінде 21 шақырым газ желісі тартылып, алты газ реттеу пункті орнатылды. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, желілер сынақтан және қысым тексерісінен өтті. 

Жоба «QazaqGaz Aimaq» АҚ-мен келісілген және толық пайдалануға дайын.

— Жұмысты жоспарланған мерзімнен бұрын аяқтадық. Негізгі қиындық — газ құбырларын жүргізу кезінде жол жабындысының бұзылуы еді. Алайда тұрғындар түсіністікпен қарады. Қазір барлық жолдар қалпына келтірілді, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Біз өз жұмысымызға бес жылдық кепілдік береміз. Осы мерзім ішінде қандай да бір ақау шықса, оны өз есебімізден жөндеп береміз, — деді мердігер ұйымның өкілі Арсен Хамитов.

Теміртауда газдандыру бағдарламасы кезең-кезеңімен жалғасып жатыр.

— Бұл жоба бес жыл бұрын басталған. Бүгінде 4,5 мыңнан астам абонент табиғи газды пайдаланып отыр. Біз «Отрадное» шағын ауданын толық қамтыдық, ендігі кезекте — Достық төбешігі мен АБВ 9А шағын аудандары. Одан кейін Әлеуметтік қала қосылады. Сол кезде бағдарлама толық аяқталып, Теміртаудағы 6 мыңнан астам үйге табиғи газ жетеді, — деп атап өтті қала әкімі Ғалым Әшімов.