
Қарағанды қаласында «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырған «Сауатты ас мәзірі» қалалық байқауының қорытындысы шығарылды.

Орталық мамандары қаладағы танымал дәмханалар мен мейрамханаларды аралап, қызмет көрсету сапасы мен мәзірдің қазақ тіліндегі сауаттылығын тексерді. Негізгі назар Нұркен Әбдіров даңғылы мен 45-ші орам аумағындағы, халық жиі баратын тамақтану орындарына аударылды. Жобаның басты мақсаты – «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының орындалуын қолдау, кәсіпкерлерге мемлекеттік тілде сауатты мәзір әзірлеуге көмектесу және қазақ тіліндегі қызмет көрсету деңгейін арттыру.

Барлығы 20 қоғамдық тамақтану орны тексерілді. Олардың тоғызы мәзірлерін түзетіп, қазақ тілінің нормаларына сай келтірген. Ал алты дәмханада мемлекеттік тілдегі мәзір мүлде болмаған – орталық мамандары сол жерлерде кәсіпкерлерге тегін аударма және безендіру көмегін көрсетті.

«Шырақ» орталығының мамандарының айтуынша, Қарағанды кәсіпкерлері арасында қазақ тілін дұрыс әрі сапалы қолдануға деген қызығушылық артып келеді.
– Қызмет көрсету саласында мемлекеттік тілді қолдану – бұл тек заң талабы емес, ең алдымен, клиентке деген сенім мен құрметтің белгісі. Бизнестің қазақ тіліне бет бұрып жатқаны қуантады. Біз де алдағы уақытта кеңес пен аударма жағынан қолдауды жалғастырамыз, – деп атап өтті орталық өкілдері.