
Қарқаралы аудандық арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының шығармашылық ұжымы халықаралық Turkestan Music Festival байқау-фестивалінде бірінші дәрежелі лауреат атанды. Бұл шараға Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген 52 шығармашылық топ қатысты.

Фестивальде қатысушылар «Вокал» және «Би» аталымдары бойынша бақ сынады. Қарқаралы ауданынан алты өнерпаз қатысып, ән мен биден тұратын нөмірлерін ұсынды. Олардың әрқайсысы қазылар алқасын шынайылығымен және орындау шеберлігімен тәнті етті.

Орталықтың әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Сабыржан Тайлықбаевтың айтуынша, тәрбиеленушілер жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
– Яков Гертер, Елена Яхина, Саят Игіліков және Оксана Стульгите орындаған «Сезім» атты лирикалық туынды көрермендерді ерекше әсерге бөледі, – деді ол. – Ал Николай Лысенконың орындауындағы «В небе беркут» әні мен Зарина Усованың «Одинокая ветка сирени» атты нөмірі залдағы көрермендердің зор ықыласына ие болды.

Қарқаралыдан барған шығармашылық топтың барлық мүшесі дипломдар және медальдармен марапатталды.
Байқауға қатысушыларды педагогтар Зәуре Әубакірова мен Аида Абылқасымова дайындаған.

Фестивальден кейін өнерпаздар Түркістан қаласының тарихи орындарын аралап, өңірдің мәдени мұрасымен танысты.
Turkestan Music Festival байқауы даму ерекшеліктері бар талантты жастарды қолдауға және халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша