Қарағандыда алғаш рет құлақ сүйегін протездеу отасы жасалды

Қарағандыда алғаш рет құлақ сүйегін протездеу отасы жасалды

Қарағанды қаласындағы №1 көпсалалы ауруханада алғаш рет жоғары технологиялы құлақтағы дыбыс өткізгіш сүйекті протездеу отасы сәтті жүзеге асырылды. Бұл процедура есту қабілетін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұған дейін мұндай күрделі оталар тек елорда мен Алматының жетекші клиникаларында ғана жасалып келген.

Стапедопластика деп аталатын операция Астана қалалық көпсалалы балалар ауруханасының ЛОР бөлімінің меңгерушісі Арман Әлиевтің қатысуымен өткен шеберлік сабағы аясында орындалды.

Стапедопластика – зақымданған есту сүйегін титаннан жасалған протезбен алмастыруға бағытталған хирургиялық әдіс. Ота отосклероз диагнозы бар науқастарға жасалады.

— Бұған дейін Қарағандыда мұндай оталар бірқатар себептерге байланысты жасалмаған. Қажетті протездер, тиісті операциялық құрал-жабдықтар және осындай жоғары дәлдікті отаны орындай алатын мамандар болмады. Қазір бұл мәселелер шешілді. Сондықтан қарағандылықтар өз өңірінде-ақ жоғары технологиялы медициналық көмекті ала алады, — деді Қарағанды қаласындағы №1 көпсалалы аурухананың ЛОР бөлімінің меңгерушісі Диас Есниязов.

Операцияның ұзақтығы шамамен бір сағат. Одан кейін пациент бес күн шамасында стационарда бақылауда болады. Протездеуден кейін есту қабілеті біртіндеп қалпына келеді.

Бұл ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жасалады. Сақтандырылған азаматтар үшін ол тегін. Процедураға жолдаманы өз емханасы арқылы алуға болады.