
17–21 қараша аралығында Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында Франция мәдениетіне арналған апта ұйымдастырылады. Бағдарлама аясында квест-ойын, эклер пісіру шеберлік сабағы, квиз және би кеші өтеді.
Апталықтың ашылу шарасы – «Франция мәдениеті: сән, парфюм, бренд» атты кездесу болмақ. Оған қатысушыларды 17 қараша күні сағат 11:00-де күтеді.
18 қараша күні сағат 14:00-де кітапханада «Қиял желкені астында: Жюль Верн шақырады!» атты квест-ойын өтеді. Ойын барысында қатысушылар әйгілі жазушының шығармаларына негізделген жұмбақтар мен тапсырмаларды орындайды.
19 қарашада сағат 15:00-де қонақтар эклер дайындауға арналған «Bon Appétit» шеберлік сабағына қатыса алады.
20 қарашада сағат 12:00-де өтетін «Tout sur la France – барлығы Франция туралы» атты тақырыптық квизде қатысушылар елдің мәдениеті, тарихы, ғылымы және өнері жайлы білімдерін сынайды. Бағдарламада фактілерге және логикаға негізделген сұрақтар қамтылған.
Апталықтың қорытынды шарасы – «Bonjour, Paris!» атты бал кеші. Ол 21 қараша күні сағат 14:00-де өтеді. Кеш барысында ең үздік жұп таңдалады. Қазылар алқасы француз мәдениеті мен бал стиліне сәйкестікті, сонымен қатар хореографиялық дайындықты бағалайды.
Балға қатысушылар классикалық француз немесе заманауи музыканы таңдауы тиіс. Әуеннің ырғақ пен би стиліне үйлесімді болуы маңызды.
– Іс-шаралар Қарағандыдағы Француз альянсымен бірлесе ұйымдастырылады. Барлығы үш тілде – қазақ, орыс және француз тілдерінде өтеді. Апталыққа кез келген қала тұрғыны қатыса алады, – деді кітапхана директоры Баян Уатаева.
Франция мәдениеті апталығы «Мәдениеттер тоғысы» жобасы аясында өткізіледі.
Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы Бұқар жырау даңғылы, 30 мекенжайында орналасқан.