Қарағанды орман шаруашылығы жаңа ғимаратқа қоныстанды

Қарағанды орман шаруашылығы жаңа ғимаратқа қоныстанды

Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының ұжымы жаңа кеңсе ғимаратына көшті. 

Енді орманшылар заманауи талаптарға сай жабдықталған, кең әрі жарық бөлмелерде жұмыс істейді. Мұнда тиімді еңбек етуге және жайлы жұмыс жағдайын қалыптастыруға барлық мүмкіндік жасалған.

Жаңа екі қабатты нысан қазіргі құрылыс стандарттарына толық сай келеді. 

Ғимаратта жеке жылыту қазандығы, кең конференц-зал бар. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін кіруі үшін пандустар мен ыңғайлы кіреберіс топтары орнатылған.

Бұған дейін орман шаруашылығы қызметкерлері тар бөлмелерде, жеті-сегіз адамнан бір кабинетте еңбек еткен. Енді әр маманның жеке жұмыс орны мен барлық қажетті құрал-жабдығы бар.

– Мен бұл жерде 2003 жылдан бері жұмыс істеймін. Мұндай жарық әрі кең кеңселер бізде бұрын-соңды болған емес. Барлығы жаңа, жайлы, көз қуантады. Мұндай жағдайда жұмыс істеу шабыт береді, – дейді орман пайдалану инженері Светлана Грицаненко.

Ұжымды қоныс тойымен Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков құттықтады. Ол орманшылардың өңір табиғатын қорғаудағы еңбегін жоғары бағалап, сала қызметкерлеріне алғыс білдірді. 

Бес маман облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Сонымен қатар Қарағанды орманшылығының инспекторы Абдулкахим Бейсенбеков ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Қазақстан ормандарын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» II дәрежелі төсбелгісіне ие болды.

– Орман шаруашылығында 25 жыл еңбек етіп келемін. Бұл – менің әкемнің де мамандығы. Ол Бұқар жырау ауданында 40 жыл бойы орманшы болып қызмет атқарды. Еңбегімнің еленгені – мен үшін үлкен мәртебе, – дейді ол.

Мекеме директоры Махсат Мұхановтың айтуынша, бүгінде Қарағанды облысының орман шаруашылығы ел бойынша ең жақсы техникалық базаға ие өңірлердің бірі.

– Мен бұл салаға 2012 жылы келдім. Сол кезде біздің жұмыс тәжірибеміз басқа өңірлерге үлгі болса екен деп армандаған едім. Бүгінде сол арман орындалды – әріптестеріміз өз тәжірибесін арттыру үшін бізге келіп, біздің жүйелі жұмысымыздан үйреніп жүр, – деді ол.

Аймақта орман шаруашылығының материалдық-техникалық әлеуетін нығайту бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. 

Биыл орман мекемелерінің автопаркі сегіз МТЗ-1221 тракторымен, жер жыртуға арналған техникамен, өрт сөндіру көлігімен және шағын орман-патрульдік кешендермен толықты.

Сонымен қатар орман өрт сөндіру станцияларының құрылысы да белсенді жүріп жатыр. Төрт станция Қарқаралыда, біреуі Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында және тағы біреуі «Бұйратау» ұлттық паркінде бой көтеруде. Өткен жылы осындай алты нысан пайдалануға беріліп, бұл орман өрттеріне ден қою уақытын айтарлықтай қысқартып, табиғи өрттердің санын азайтуға мүмкіндік берді.