
Қарағанды қаласындағы №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Азиз Басқар Қаныш Сәтбаев атындағы халықаралық химия олимпиадасында күміс жүлдеге ие болды. Зияткерлік дода Ұлытау өңірінде өтіп, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейден келген жүзден астам жоғары сынып оқушыларын бір алаңда тоғыстырды.
Жас дарындар білімдерін теориялық және тәжірибелік кезеңдерде сынады.
– Олимпиада тапсырмалары орташа күрделілікте болды, бірақ мазмұны өте қызықты. Азизге ең ұнаған бөлігі – тәжірибелік тур. Онда қатысушылар сынауықтарда реагенттерді сапалық анықтау тәжірибесін орындады. Азиз бұл тапсырманы жоғары деңгейде орындап шықты, – дейді №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының химия пәнінің мұғалімі Назерке Білімхан.
Оқушының айтуынша, Азиз олимпиадаға дайындықты жетінші сыныптан бастаған. Дәл осы кезеңде лицей оқушылары өз бағыттарын таңдап, түрлі ғылыми және зияткерлік сайыстарға мақсатты түрде дайындала бастайды. Азиз химия пәніне қызығушылығын ерте байқатып, сол уақыттан бері үлкен табандылықпен еңбектеніп келеді. Оның бүгінгі жетістігі – сол еңбектің жемісі.
Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері халықаралық үлгідегі дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Зияткерлік сайыс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы, Ұлытау облысының білім басқармасы және The Ulytau Educational Foundation қорының ұйымдастыруымен өтті.