
Қарағанды облысына Қазақстан Республикасындағы Грузияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Леван Диасамидзе танысу сапарымен келді. Кездесу барысында аймақ әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен елші Қарағанды облысы мен Грузия арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Ермағанбет Бөлекпаев атап өткендей, Қарағанды облысы – еліміздің ең ірі индустриялық орталықтарының бірі. Өңір кәсіпорындарының өнімдері 50-ден астам мемлекетке, соның ішінде Грузияға да экспортталады.
– Біз өзара әріптестікті нығайтуға және екіжақты байланысты дамытуға мүдделіміз. Бұл бағытта барлық мүмкіндік бар. Облыс аумағында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен Saran индустриялық аймағы табысты жұмыс істеп келеді. Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасап, жаңа жобаларға ашықпыз, – деді өңір басшысы.
Өз кезегінде Леван Диасамидзе жылы қабылдау үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен Грузия арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамитынына сенім артты.
– Қазақстан – біздің басты әріптестеріміздің бірі. Байланыстарды кеңейту әлеуеті зор. Ынтымақтастықты өңірлік деңгейде де дамытуға толық мүмкіндік бар, – деді елші.
Кездесу барысында туризм саласындағы өзара байланыстарды дамытудың жаңа бағыттары мен нақты ұсыныстар да қарастырылды.