Қарағандыда коммуналдық қызметтер мен полиция күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде

Қарағандыда коммуналдық қызметтер мен полиция күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде

Қарағандыда қардың мол түсуіне байланысты коммуналдық қызметтер мен полиция күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Қала көшелерінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолдарды қардан тазалау және құм-тұз қоспасымен өңдеу жұмыстары жүргізілуде.

Синоптиктердің болжамы бойынша, алдағы күндері ауа райы күрт нашарлап, қарлы боран мен көктайғақ күтіледі. Осыған орай, қалалық коммуналдық қызметтер тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, жолдарды уақтылы тазалау мен өңдеу жұмыстарын жалғастырады. Әкімдік мәліметінше, қала бойынша шамамен 170 арнайы техника мен жол жұмысшыларының бригадалары тартылған.

– Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күшейтілген қызмет режиміне ауыстырылды. Барлық бағыттарда экипаждар саны көбейтіліп, жүргізушілермен профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – деп мәлім етті Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомство деректеріне сәйкес, 4 қарашаның бірінші жартысында қала аумағында шамамен 30 ұсақ жол-көлік оқиғасы тіркелген. Олардың басым бөлігі жылдамдық режимін және арақашықтықты сақтамаудың салдарынан болған. Абырой болғанда, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Полиция жүргізушілерге барынша сақ болуды, көліктер арасындағы қашықтықты сақтауды, кенет маневр жасамауды және шиналардың жағдайын алдын ала тексеруді ұсынады. Төтенше жағдай туындаған жағдайда бірден 102 нөміріне хабарласу қажет.