
Шет ауданының Кеншоқы ауылында шағын әрі жайлы саябақ пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 120 шаршы метрді құрайтын демалыс аймағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, алаңдар тегістеліп, қырлы тас төселді және келушілерге арналған жайлы демалыс орындары жасақталды.

Саябақ аумағына келушілердің ыңғайлылығы үшін орындықтар мен кешкі жарықтандыруға арналған шамдар орнатылды. Сондай-ақ тұрғындардың тынығып, ауылдастарымен жүздесуі үшін екі шағын жазғы шатырша салынды.

Ерекше назар көгалдандыруға аударылды — саябақтың айналасына шыршалар егілді. Жоба республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асырылып, ауылдық аумақтарды абаттандыру мен экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған. Қаржыландыру аудандық бюджет есебінен қамтамасыз етілді.
Саябақтың абаттандырылуына ауыл тұрғындары да өз үлесін қосты. Мәселен, кеншоқылық тұрғын Мақсат Мұқанов көгалдандыру жұмыстарына арнап 20 шырша көшетін сыйға тартты.

– Кеншоқы ауылының тұрғындары үшін бұл саябақ – серуендеуге, отбасымен демалуға және ауылдастармен араласуға арналған жаңа кеңістік. Бұл жерді үлкендер де, жастар да, балалар да жақсы көретініне сенімдіміз. Ең қуаныштысы – бұл игі іске ауыл тұрғындарының өздері де белсене атсалысты, – деді Кеншоқы ауылдық округінің әкімі Алмас Күлейменов.

Алдағы уақытта саябақ аумағын көгалдандыру және инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасын табады.
Фото: Кеншоқы ауылы әкімдігі