
Еркеғали Рахмадиев атындағы Қарағанды академиялық симфониялық оркестрі қала тұрғындары мен қонақтарын классикалық музыка кешіне шақырады. «Солистер шеруі» атты концерт әр партияның дара орындауымен және әр нотаның өнерге деген сүйіспеншілікті паш етуімен ерекшеленбек.
Бағдарламада әлемдік классиканың інжу-маржандары — Петр Чайковский, Вольфганг Амадей Моцарт, Иоганн Себастьян Бах, Йозеф Гайдн, Александр Арутюнян, Андрей Петров, Сергей Танеев, Мануэль де Фалья және басқа да ұлы композиторлардың туындылары орындалады. Көрермендер сүйікті әуендерді жаңа өңдеуде тыңдап, сирек орындалатын күрделі шығармалардың шебер орындалуына куә бола алады.
Кеш барысында оркестрдің үздік музыканттары өнер көрсетеді: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Передеро (скрипка), Наталья Катанцева (флейта), халықаралық байқаулардың лауреаты Огеми Хегай (гобой), Дарья Иванова (скрипка), Мария Минеева мен Саида Қайыркенова (виолончель), Александр Ермошкин (труба), Кирилл Гутан (контрабас) және Айнұр Ақпанбаева (скрипка).
Концерт тізгінін халықаралық байқаулардың лауреаты, композитор Абулхаир Сәғимбаев ұстайды.
Кештің жүргізушісі — Людмила Гольская.
Музыка сүйер қауым көптен күткен бұл концерт 8 қараша күні сағат 17:00-де AMANAT партиясының концерт залында (Қарағанды қ., Әлиханов көшесі, 4-үй) өтеді.