
Қарағанды қаласында тағы бір ерекше мурал пайда болды. Онда көгілдір аспан мен ақ бұлттардың аясында жас жігіт пен қыз қала нышандарының жанында жасыл желекті суарып тұрған сәт бейнеленген.

Мурал ел көлемінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына арналған. Жоба Қарағанды облысының Жастар ресурстық орталығының тапсырысымен жүзеге асырылды.
Монументалды туынды Құрылысшылар даңғылы, 11/1 мекенжайындағы ғимараттың қасбетінде орналасқан. Автор — жас суретші Бота Жомарт.

Бота эскизді дайындауға екі жарым ай уақыт жұмсаған. Оның айтуынша, жұмыстың басты мақсаты — «Жасыл ел» жобасының жас сарбаздарының еңбегін, олардың қаланы көгалдандыруға қосып жүрген үлесін көрсету. Сонымен қатар муралдың Қарағанды қаласына және оның тұрғындарына арналғаны бірден байқалуы керек болған.

Алайда эскиз бекітілгеннен кейін жұмысты қабырғаға көшіру кезінде белгілі бір қиындықтар туындаған.
– Әдетте мұндай көлемдегі суреттерді қабырғаға түсіру үшін проектор пайдаланылады. Бұл суреттің барлық пропорциясын дәл сақтауға мүмкіндік береді. Біздің жағдайда ғимарат тым биік болғандықтан, арнайы қуатты проектор табылмады. Сол себепті суретті қолдан көшіруге тура келді – арнайы бағдарлама арқылы барлық нысандардың өлшемін есептеп, белгі соқтық. Әсіресе портреттермен жұмыс істеу күрделі болды, себебі кейде адамның жүзі терезенің өлшеміндей ірі болып шықты. Сол кезде төмен түсіп, алыстан қарап, пропорциялар дұрыс па, соны үнемі тексеріп отырдым, – дейді Бота Жомарт.

Жұмысқа ауа райы да өз әсерін тигізген. Бояуды тек жылы ауа райында жағуға болады, әйтпесе ол қабырғада дұрыс кебе қоймайды. Сондықтан суретші күн жылыған мезгілде ғана жұмыс бастап, кешкі салқын түсе тоқтатуға мәжбүр болған. Осылайша мурал небәрі 12 күн ішінде аяқталды.
– Ең қиыны – жел болды. Ол мен отырған люльканы қатты шайқап, сурет салуға кедергі келтірді. Кейде қабырғаның жарықшақтарына, шығыңқы жерлеріне сүйеніп, солай жұмыс істеуге тура келді, – дейді суретші.

Дегенмен Бота Жомарт бұл еңбегімен тоқтап қалмақ емес. Айтуынша, тұрғындардың шынайы ризашылығы оған жаңа шабыт сыйлаған.
– Біз сурет салып жатқан кезде адамдар жиі тоқтап, алғыстарын айтып жатты. Кейбірі үйлерінің қасбеті жаңарып жатқанына қуанышын білдірді. Бір әжей тіпті үйіне жүгіріп барып, ризашылығының белгісі ретінде бізге кәмпит әкеліп берді. Осындай ықыласты сөздер мен қамқор көзқарас – ең үлкен марапат, – дейді Бота Жомарт.