Қарағандылықтарды теміртаулық суретшінің пейзаждар көрмесіне шақырады

Қарағандылықтарды теміртаулық суретшінің пейзаждар көрмесіне шақырады

Қарағандыдағы «Алтын ғасыр» галереясында теміртаулық қылқалам шебері Қуат Асқаровтың жеке көрмесі өтеді. Көрмеде суретші туған қаласына арналған 55 пейзаждық туындысын ұсынады.

Экспозицияға енген жұмыстар шағын форматта – шамамен 20 х 30 сантиметр көлемінде. Ауқымды суреттерімен кеңінен танылған автордың айтуынша, мұндай шағын картиналарды жазу жеңіл, демек, оларды көбірек жасауға мүмкіндік бар. Қуат Асқаров бұл туындыларды Теміртаудың 80 жылдық мерейтойына арнайы дайындаған. Майлы бояумен кенепке түсірілген суреттерде ол қаланың алғашқы көшелері мен шағын аулаларын, ескі даңғылдарын бейнелеген.

– Меніңше, Теміртаудың ең көркем бөлігі – оң жағалау. Онда сталиндік үлгідегі ғимараттар мен аты әйгілі театр орналасқан. Сондай-ақ, маған қаланың шығыс бөлігі ерекше жақын. Ол 60–70 жылдары бой көтерген. Бұл сәулет маған ыстық, себебі балалық шағым дәл осы маңда өтті. Ол жерге барған сайын естеліктерге ораламын. Жалпы алғанда, Қарағанды, Теміртау және Абай қалаларының тарихи аудандары бір-біріне ұқсас. Сондықтан теміртаулық пейзаждар қарағандылықтарға да етене таныс болмақ, – дейді суретші Қуат Асқаров.

Қылқалам шеберінің жеке көрмесі «Алтын ғасыр» галереясында 4 қараша күні сағат 16:00-де ашылады. Экспозиция 13 қарашаға дейін жалғасады. Көрмеге кіру тегін.