Сарандық парабиші Ұлыбританияда өткен халықаралық турнирде қола жүлдеге ие болды

Сарандық парабиші Ұлыбританияда өткен халықаралық турнирде қола жүлдеге ие болды

Саран қаласының парабишісі Айгүл Балмағанбетова Ұлыбританияның Стивенейдж қаласында өткен халықаралық лицензиялық турнирде жеке бағдарламасын ұсынды. Байқауда 13 елден келген үздік параспортшылар бақ сынады.

Айгүл Балмағанбетова – Саран қаласындағы арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тәрбиеленушісі. Ол Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Single woman class2 санатында арбада би биледі. Бағдарлама вальс, танго, самба, румба және джайв билерінен тұрды.

Әр сахналық қойылымы сәтті өткен Айгүл Балмағанбетова жүлдегерлер қатарынан көрініп, қола медаль еншіледі. Сонымен қатар, ол әлем чемпионатына қатысуға жолдама иеленді.

Спортшыны жарысқа жеке жаттықтырушысы Күлшім Аталықова мен Марина Саватеева дайындады.

Айгүл Балмағанбетова 2013 жылдан бері халықаралық турнирлерде ел намысын қорғап келеді. Ол – ҚР Парабишілер федерациясының мүшесі және Қарағанды облыстық мүгедектер спорты мектебінің спортшысы.

Қараша айының соңында Айгүл Балмағанбетова Словакияда өтетін кезекті халықаралық жарыста өнер көрсетпек.

Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша