
Қарағанды облысының жас спортшылары картингтен өткен екі бірдей Қазақстан чемпионатында үздік нәтиже көрсетті. Республикалық жарыстар сәуір мен қазан айлары аралығында Алматы мен Қостанай қалаларындағы трассаларда өтіп, ұлттық және халықаралық санаттағы кезеңдерді қамтыды.

Маусым қорытындысы бойынша техникалық спорт түрлері мектебінің облыстық құрамасы ел бойынша абсолютті көшбасшы атанды.

Он үш жастағы Руслан Логинов үш бірдей санатта — екі ұлттық («Ракет» және «Пионер») және халықаралық «Mini» класында Қазақстанның абсолютті чемпионы атағын жеңіп алды. Спортшы спорт шеберіне үміткер нормативін орындағанымен, жасы толмағандықтан, әзірге ресми атақ берілмеген.

Руслан картингпен бес жылдан бері айналысады. Өзінің картын ол Пушкин поэмасының кейіпкері құрметіне «Людмила» деп атаған. Осылайша, олар — біртұтас жұп: Руслан мен Людмила.

— Бұл кішкентай көліктердегі жарыс, — дейді Руслан. — Кішкентай болғанымен, өте жылдам! Сыныптастарым картты басқару оңай деп ойлайды, бірақ бұл мүлде олай емес. Жарыс кезінде қатты жүктеме болады. Ата-анам әрқашан қолдау білдіреді, бірақ әр сайыс алдында қатты уайымдайды.

Бүгінде техникалық спорт түрлері мектебінде жүзге жуық адам үш жас санаты бойынша — балалар, жасөспірімдер және ересектер тобы бойынша жаттығады.

— Бізде толыққанды трасса жоқ, ұзындығы бар болғаны 300 метр, — дейді мектеп басшысы Сергей Козулин. — Ал салыстырмалы түрде айтқанда, Алматыдағы трасса 1650 метр және халықаралық стандарттарға сай. Сондықтан біздің спортшыларға үлкен тректерге бейімделу кезінде физикалық қана емес, психологиялық тұрғыдан да қиындықтарды еңсеруге тура келеді. Соған қарамастан, олар тамаша нәтиже көрсетіп, өзге өңірлердің спортшыларынан кем түспейді.

Ұлттық кластар бойынша өткен чемпионат қорытындысында облыстық техникалық спорт түрлері мен техникалық шығармашылық бойынша мамандандырылған спорт мектебінің командасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Қарағанды облысы да аймақтар арасында үздік атанды. Чемпионатта ұсынылған жеті кластың бесеуінде аталмыш мектептің картинг жүргізушілері чемпион атағын жеңіп алды.

Халықаралық кластар бойынша өткен республикалық турнирдің қорытындысында мектеп оқушылары «Mini» санатында алтын және қола медаль иегері атанды. Үш спортшы картинг бойынша Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер (КМС) нормативін орындады, ал екеуі спорт шебері (МС) атағына қол жеткізді.

Руслан Логинов 2025 жылғы маусымда «Mini» класындағы барлық іріктеу мен финалдық кезеңдерде жеңіске жетті.